Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі мен Шығыс Қазақстан облысының ынтымақтастықтың Жол картасы шеңберінде ҚХР Алтай аймағы СУА ауданынан 2016 жылдың 13 - 17 қазан аралығында Өскемен қаласына делегация келіп қайтты.
Қонақтарды Шығыс Қазақстанның табиғаты көркем, Таулы Үлбі өзенінің жағасында, облыс орталығынан 12 шақырым жерде орналасқан«Дарын» ӨҒПО кешені қарсы алды.
Бағдарлама аясында қонақтар Өскемен қаласының көрікті жерлерін аралап, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ «Алтайтану» зертханасымен, облыстық өлкетану мұражайымен, О. Бөкей атындағы кітапханамен танысып, облыстық драма театрына барып, «Қара шекпен» спектаклін тамашалады. Балалар мен олардың жетекшілеріне Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды. Онда қонақтар химия және биология зертханаларымен танысып, іс-тәжірибе жұмыстарын жасап көрді.
Қонақтар үшін есте қаларлықтай әсер еткен дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына жасалған сапар болды. Мектеп ұжымы делегация мүшелерін қазақ халқының салт-дәстүрлері бойынша қарсы алды. Зере әженің шашуы мен дастарханы жаюлы шағын киіз үйдегі бала Абайдың бейнесі, ұлы ұстаз Қанипа Бітібаеваның мұражай-зертханасы қонақтардың көпке дейін есінде қалары сөзсіз. ҚХР келген қонақтарға ШҚО оқушылары мен СҰА ауданынан келген оқушылардың қатысуымен шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Мектеп әкімшілігі ШҚО білім басқармасы мен ҚХР Алтай аумағы СҰА ауданының білім бөлімі өкілдерімен және облыстың аудан мектептерімен онлайн жүйеде дөңгелек үстел ұйымдастырды. Онлайн жүйесінде өткен жиналысқа қатысушылар білім беру саласындағы тәжірибе алмасу мүмкіндіктері туралы сұрақтар, әріптестік қарым-қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады.
Өздерімен құрдас оқушылармен кездесу қонақтар үшін ерекше әсер етті. Балаларды таза ауадағы белсенді ойындар, шағын спартакиада, флешмобтар одан әрі жақындастыра түсті. ҚХР келген қонақтар өздеріне жаңа достар тауып, өз елдеріне мол жағымды әсерлер әкетті.