1. Жалпы ережелер
1. Жаратылыстану-математика циклы пәндері бойынша Президенттік олимпиаданы (бұдан әрі – Президенттік олимпиада) ұйымдастыру және өткізу қағидалары Президенттік олимпиаданың ұйымдастыру және өткізу, ұйымдастыру-әдістемелік қамтамасыз етілуін, Президенттік олимпиадаға қатысу тәртібін айқындайды.
2. Президенттік олимпиаданы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) жыл сайын өткізеді.
3. Президенттік олимпиаданың негізгі мақсаттары мен міндеттері:
1) дарынды оқушыларды анықтау, олардың одан әрі интеллектуалдық дамуы мен кәсіптік бағыт алуы үшін қолайлы жағдай жасау;
2) отандық жетекші жоғары оқу орындарында оқуды жалғастыру үшін дарынды оқушыларды дайындау арқылы үздіксіз білім беру идеясын іске асыру;
3) оқушылардың жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқуға деген қызығушылығын арттыру, олардың теориялық білімі мен практикалық дағдыларын дамыту.
4. Президенттік олимпиада екі бағытта өтеді: математика-физика және химия-биология, 11-сынып бағдарламасы бойынша тиісті білім деңгейі бар жалпы орта білім беретін ұйымдардың оқушылары үшін.
2. Президенттік олимпиаданы ұйымдастыру және өткізу тәртібі
5. Президенттік олимпиада үш кезеңде өткізіледі:
1) бірінші кезең – өңірлік, облыстарда Астана және Алматы қалаларында, республикалық білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – РБҰ) және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – «НЗМ» ДБҰ) – жыл сайын 1 қарашаға дейін;
2) екінші кезең – іріктеу кезеңі 2 турда өткізіледі:
1 тур – қашықтық – жыл сайын 15 қарашаға дейін;
2 тур – шығармашылық, қашықтық тур өткізілген күні эссе жазу;
3) үшінші кезең – республикалық, 3 турда:
1 тур – теориялық;
2 тур – эксперименттік;
3 тур – ағылшын тілінен тестілеу өткізу.
6. Президенттік олимпиаданың барлық кезеңдерін тапсырмалармен қамтамасыз етуді дарынды балалармен жұмыс жүргізу саласындағы уәкілетті орган - «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жүзеге асырады.
7. Президенттік олимпиаданың өңірлік кезеңін облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары, «НЗМ» ДБҰ, РБҰ өткізеді.
8. Президенттік олимпиаданың іріктеу кезеңі Министрліктің Интерактивті студиясы желісі арқылы республиканың барлық өңірлерінде ұйымдастыру комитеті белгілеген бір уақытта уәкілетті органмен өткізіледі.
9. Іріктеу кезеңіне әр облыс, Астана және Алматы қалалары құрамына өңірлік кезеңнің жеңімпаздары енгізілген, Президенттік олимпиаданың бағыты бойынша: математика-физикадан – 15, химия-биологиядан – 15, құрамы 30 адамнан тұратын командалар ұсынады.
РБҰ 20 қатысушыдан тұратын бір-бір құрама команда ұсынады, «НЗМ» ДБҰ құрамында 10 қатысушысы бар құрама команда ұсынады.
10. Іріктеу кезеңіне тіркеу және қатысу облыстық, Астана және Алматы қалалары білім басқармаларынан және «НЗМ» ДБҰ, РБҰ-ның Президенттік олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің (бұдан әрі – ұйымдастыру комитеті) атына жіберілген жазбаша өтінімі негізінде жүзеге асырылады.
11. Ұйымдастыру комитетінің қызметі:
1) Президенттік олимпиаданы дайындауға және өткізуге тікелей басшылықты жүзеге асыру;
2) Президенттік олимпиаданың қазылар алқасын және академиялық тобының құрамын бекіту;
3) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министріне Президенттік олимпиаданың қорытындылары бойынша ақпарат беру.
12. Өтінімде оқушының тегі, аты, әкесінің аты, мектебінің мекенжайы, қатысушының жетістіктері, сондай-ақ қатысушыны дайындаған мұғалімнің аты-жөні, байланыс телефондары көрсетілуі керек.
13. Ұйымдастыру комитетінің құрамын Министрлік бекітеді. Ұйымдастыру комитетінің құрамына Министрлік, Министрлікке ведомстволық бағынысты ұйымдардың, білім беруді басқару органдарының, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының өкілдері кіреді.
14. Президенттік олимпиаданың қазылар алқасы төрағадан, мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Қазылар алқасының құрамына алдыңғы қатардағы отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары, Қазақстан Республикасы командаларының ғылыми жетекшілері, бұрынғы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары енеді.
15. Президенттік олимпиаданың қазылар алқасы:
1) Президенттік олимпиадаға қатысушының жазбаша жұмыстарын тексереді, олардың нәтижелерін бағалайды;
2) ұйымдастыру комитетіне жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапаттау жөнінде ұсыныстар жасайды;
3) Президенттік олимпиада қатысушыларының орындаған жұмыстарына талдау жүргізеді.
3. Қорытынды ереже
16. Президенттік олимпиаданың барлық қатысушыларына сертификаттар тапсырылады.
17. Президенттік олимпиаданың жеңімпаздары I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталады: I дәрежелі – 2 қатысушы, II дәрежелі – 4 қатысушы және III дәрежелі - 6 қатысушы.