2014 жылдың 3-6 қыркүйек күндері Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары арасында XV республикалық Абай оқулары өтті.
Шараны ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы, Семей қаласы мен Абай ауданының білім бөлімдері.
XV республикалық Абай оқуларының негізгі мақсаттары:
- мектеп оқушылары арасында Абай мен Шәкәрім шығармаларын насихаттау;
- оқушыларды Абай поэзиясына, ұлы ойшылдың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, тарихи танымдарын, ізгілікке, демократияға және азаматтыққа бағытталған дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, өмірлік айқындамаларын қалыптастыру.
- жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының шығармашылық қабілеттіліктерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту;
Республикалық Абай оқулары үш бөлім бойынша өткізілді:
- «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» - Абай мен Шәкәрім шығармаларын жатқа оқу конкурсы. Қатысушы өзі жатқа білетін шығармалардың тізімін конкурс басталғанға дейін өткізуі қажет (ұлылардың шығармаларын көбірек жатқа білетін оқушыға жоғары баға қойылады);
- «Көңілім әнді ұғады» - Абай мен Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындау конкурсы;
- «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» - жас дарындар конкурсы (өз шығармаларын орындау: өлеңдер, әндер, күйлер).
Конкурсқа республикамыздың барлық облыстары мен қалаларынан 63 оқушы өз бақтарын сынасты. Біздің облысымыздан Семей қаласы, Зайсан, Аягөз, Тарбағатай және Абай аудандарының жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары қатысты.
Қазылар алқасының құрамында белгілі журналистер, ғалымдар, көрнекті өнер қайраткерлері мен ақындар болды.
Конкурстың қортындысы бойынша 19 оқушы жүлдегер атанып, соның ішінде Шығыс Қазақстанның 5 оқушысы жүлделі орындарды иеленді.
«Өлең- сөздің патшасы- сөз сарасы», «Көңілім әнді ұғады» және «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациялары бойынша Абай ауданы, Шәкәрім ОМоқушысы Жұматаева Бұлбұл, Семей қаласы, №27 ОМ оқушысы Закария Әлия, Абай ауданы, Қарауыл гимназиясының оқушылары Уәлибекова Ділдә мен Советқызы Талшын және Аягөз ауданы, мектеп-гимназиясының оқушысы Ақжігітова Альфия марапатталды.
Абайдың «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының арнайы сыйлықтарымен Тарбағатай ауданы Өкпеті ОМ оқушысы Даулетова Айерке мен Зайсан ауданы Мукарама атындағы ОМ оқушысы Сатбекқызы Дания марапатталды.
Конкурстың қатысушыларына мазмұнды мәдени - танымдық бағдарлама дайындалды: Семей қаласында Абай мұражайын аралап, Семей ядролық полигоны құрбандарына арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Абай ауданында қонақтар театрландырылған көріністің куәгерлері болып, Жидебай ауылындағы Абай және Әуезов мұражайларын тамашалап, этноауылдан дәм татты.
Барлық қатысушыларға сертификаттар, жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.