+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
ОБРАЗОВАТЕЛЬНО-ОЗДОРОВИТЕЛЬНАЯ ПРОГРАММА «DARYN ACTIVE – 2026» организации летнего отдыха, оздоровления и занятости детей в лагере «Дарын» для детей и подростков в возрасте 9-16 лет
Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толуына орай жалпы білім беретін ұйымдардың 8-10 сынып оқушылары арасында өткізілетін «Сұлу сөз, көркем ойдың кемеңгері» атты аймақтық байқауының ЕРЕЖЕСІ
12 Авг, 13:35

1.1. Осы ереже Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толуына орай, жалпы білім беретін ұйымдардың 8-10 сынып оқушылары арасында өткізілетін «Сұлу сөз, көркем ойдың кемеңгері» атты аймақтық байқауының (бұдан әрі – Байқау) мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастырушылық қызметін, өткізу мен қаржыландыру тәртібін, қатысуын және жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау тәртібін айқындайды.

1.2. Байқаудың ұйымдастырушылары Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы, Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі – ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығы).

1.3. Байқаудың демеушісі Асқар Жакулин атындағы жеке қайырымдылық қоры.

1.4. Байқаудың негізгі мақсаты жазушының өмірі мен шығармашылығы, әдебиет әлеміне қосқан рухани мол мұрасын зерттеу, ел арасынан әдебиетке бейім, дарынды жастарды айқындау, оларға қолдау көрсету, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру.

ІІ. Байқаудың ұйымдастыру комитеті

2.1. Байқауды ұйымдастыру және өткізу үшін ұйымдастыру комитеті (бұдан әрі – Ұйымдастыру комитеті) құрылады.

Ұйымдастыру комитеті:

- Байқаудың жалпы өткізілу тәртібін анықтайды;

- тікелей басшылықты жүзеге асырады;

- Байқауға қатысу үшін өтінімдерді және қажетті материалдарды қабылдайды;

- Байқаудың қазылар алқасының құрамын бекітеді;

- Байқаудың жұмыстарын бағалайтын критерийлерді анықтайды;

- талдайды және қорытындылайды.

2.2. Қазылар алқасы байқаудың жұмыстарын бағалайды, қорытынды шығарады, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды.

2.3. Қазылар алқасы ұсынылған материалдарды бағалауды критерийлер негізінде жүзеге асырады.

ІІІ. Байқаудың қатысушылары, өткізілу мерзімі

3.1. Байқау Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысының облыстық мамандандырылған мектептері мен жалпы білім беретін мектептерінің 8-10 сыныптары оқушыларының арасында Өскемен қаласында 2026 жылдың 30 қыркүйегінде өткізіледі (өтетін орны, уақыты қосымша хабарланады).

3.2. Әр ауданнан (қаладан), облыстық мамандандырылған мектептен байқауға қатысу квоталарға сәйкес жүзеге асырылады (қосымша 1).

ІV. Байқауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі

4.1. Байқау 2 кезеңде өткізіледі:

- Бірінші кезең онлайн форматта – «Тағдыр оқу айлығы» бағыты;

- Екінші кезең офлайн форматта – «Менің көзімдегі «Тағдыр» бағыты.

Байқаудың екінші кезеңіне бірінші кезеңнің жеңімпаздары қатысады.

4.2. Байқауға қатысу туралы білім бөлімдері басшыларының, мамандандырылған мектеп директорларының қолымен бекітілген сұраныс (қосымша 2) және ережеге сәйкес төмендегі 1 кезеңнің байқау жұмыстары, екі фотосурет 2026 жылғы 20 қыркүйегіне дейін ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығының konkurs.vko@mail.ru электронды поштасына қабылданады.

4.3. Әр аудан/қала, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерден қатысатын командалардың сандық құрамы 3 оқушы, Өскемен, Семей қалаларынан 6 оқушы (8 -10 сынып оқушылары) және 1 жетекші.

4.4. Барлық сыныптар үшін екі кезең бойынша шығармашылық тапсырмалар қарастырылады. Тапсырмалардың мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктеріне (сыныптарына) сай беріледі. Онлайн форматтағы бірінші кезеңнен өткен оқушылар қазылар алқасының ұсынуымен екінші кезеңге қатысады.

Өткен жылдардағы аймақтық кезеңдежеңімпаз және жүлдегер болған оқушылар биылғы жылдағы байқауға қатыса алмайды.

V. Байқау бағыттары және өткізу шарттары

5.1. Бірінші кезең онлайн форматта өткізіледі.

 І. «Тағдыр оқу айлығы» бағыты бойынша:

2026 жылғы 05 – 15 қыркүйек аралығында мектептерде «Тағдыр» романы бойынша оқу және пікір алмасу кездесуін ұйымдастырады. Бұл кездесуде жарыс өткізілмейді. Бұл облысымыздың әр мектебінде Қ. Жұмаділовтің «Тағдыр» романын насихаттау болып табылады.

Әр аудандық, қалалық білім бөлімдері бірінші кезең бойынша өткізілген іс-шарадан қатысушылар саны көрінетін 2 фотосуретті міндетті түрде жіберулеріңіз қажет.

Бірінші кезеңде мектепте оқушылар төмендегідей номинацияларды орындайды (бұл қазылар алқасына жіберіліп бағаланады):

- Мәнерлеп оқу – «Тағдыр» романынан таңдалған үзіндіні оқу;

- Сахналық қойылым – романның белгілі бір оқиғасын сахналау;

- Пікір (оқырман әсері) – «Тағдыр» романы бойынша эссе жазу;

- Әдеби талдау– роман кейіпкерлерін, тарихи кезеңін немесе негізгі идеясын талдау (шығарма, эссе түрінде).

Оқушылар осы номинацияның біреуін таңдап орындайды.

5.2. «Тағдыр» романы бойынша өтетін оқу акциясының «Мәнерлеп оқу» номинациясы:

Шарты:Қатысушы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романынан өзіне ұнаған, әсерлі немесе мазмұнды бір үзіндіні таңдап, жатқа мәнерлеп оқиды.

Талабы:Шығарманың көркемдік ерекшелігін, автордың тіл байлығын сезіне білу, кейіпкердің жан дүниесін немесе оқиғаның мазмұнын тыңдаушыға эмоционалды түрде жеткізу.

Уақыт регламенті: Ұзақтығы:3 минутқа дейін (қатаң сақталуы тиіс, көрсетілген уақыттан асып кетпеуі керек).

Бағалау критерийлері:

Мәтінді білуі және мәнерлеп оқу шеберлігі (10 ұпай);

Дауыс ырғағын (интонация), логикалық екпінді дұрыс қоя білуі.

Орфоэпиялық талаптарды сақтауы (10 ұпай);

Сөздерді әдеби тіл нормаларына, қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылықтарына сай таза, анық айтуы.

Эмоционалды әсер мен әртістік қабілет (10 ұпай);

Үзіндінің мазмұнын сезініп, тыңдаушыға жүректен жеткізе алуы, сахнадағы мәдениеті мен өзін-өзі ұстауы.

Уақыт регламентін сақтау (10 ұпай);

Белгіленген 3 минуттық шектеуден аспай, үзіндіні жүйелі түрде аяқтап видеожазбаға түсіреді.

«Мәнерлеп оқу» номинациясының видеожазбасына қойылатын талаптар:

Видеоның форматы мен сапасы:

Видео горизонтальды (көлденең) форматта түсірілуі тиіс (телефонды көлденең ұстау қажет).

Жарық жақсы түскен, тыныш жерде түсірілуі маңызды. Дыбыс (аудио) анық, шусыз, айқын естілуі тиіс.

Сыртқы келпі мен мәдениеті:

Қатысушы мектеп формасында немесе ұлттық нақыштағы классикалық киімде болуы тиіс.

Видео басталмас бұрын қатысушы өз аты-жөнін, сыныбын, мектебін және қай шығармадан үзінді оқитынын анық айтып таныстыруы керек (бұл уақыт жалпы регламентке кірмеуі мүмкін, бірақ қысқа әрі нұсқа болғаны дұрыс).

Видеоны жөнелту тәртібі:

Дайын видеоматериалды ұйымдастырушылар көрсеткен электронды поштаға ережеде талап етілген мерзімде жіберу қажет. (Видеоның көлемі үлкен болса, Cloud/Google Дискке жүктеп, сілтемесін жіберуге де болады).

5.3. «Тағдыр» романы бойынша өтетін оқу акциясының «Сахналық қойылым» номинациясы:

Шарты:Қатысушылар Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романындағы ең тартысты, маңызды немесе әсерлі оқиғалардың бірін таңдап, жеке түрде сахналайды.

Талабы:Шығарманың сюжетін, кейіпкерлердің мінез-құлқы мен іс-әрекетін актерлік шеберлік арқылы шынайы ашу, өнер көрсету мәдениетін дамыту.

Киім үлгісі мен реквизиттер:Кейіпкерлердің образына сай келетін киімдер (костюмдер) мен шағын көмекші құралдарды (реквизиттер) қолдануға рұқсат етіледі.

Уақыт регламенті: Ұзақтығы: 5 минутқа дейін (көрсетілген уақыт шегінен асып кетпеуі қажет).

Бағалау критерийлері:

Мазмұндық дәлдік және сюжетті ашу (10 ұпай);

Романның идеясы мен таңдалған эпизодтың мағынасының дұрыс берілуі.

Актерлік шеберлік пен образғаену(10 ұпай);

Кейіпкердің жан дүниесін, ішкі толғанысын, эмоциясын шынайы жеткізе білуі.

Тіл тазалығы мен сөйлеу мәдениеті (10 ұпай);

Мәтіннің немесе диалогтердің анық, әсерлі, орфоэпиялық нормаларға сай айтылуы.

Сахналық мәдениет және безендіру (10 ұпай);

Киім үлгісінің (костюм), сахнада өзін-өзі ұстау мәдениетінің және қолданылған реквизиттердің орынды болуы.

Уақыт регламентін сақтау (10 ұпай);

Белгіленген 5 минуттық уақыттан аспай қойылымды толық аяқтап, видеожазбаға түсіреді.

Видеожазбаға түсіру және жөнелту тәртібіне қойылатын талаптар:

Видео міндетті түрде көлденең (горизонтальды) форматта түсірілуі тиіс.

Сапасы: Жарық жеткілікті, ал кадрация сахна немесе қатысушылар толық көрінетіндей болуы керек.

Дыбыс: Актёрдің дауысы, диалогтер анық естілуі қажет (бөгде шу мен сыбдыр болмағаны жөн).

Таныстыру: Видео басталмас бұрын немесе субтитр арқылы мектептің аты, қатысушылардың аты-жөні және қойылатын үзіндінің атауы көрсетілуі тиіс.

Жөнелту тәртібі:

Дайын видеофайлды ұйымдастырушылар белгілеген электронды поштаға жіберу қажет.

Егер видеоның көлемі үлкен болып, файл жіберілмей жатса, оны Google Дискке немесе бұлттық қоймаға жүктеп, сілтемесін жолдауға болады.

5.4. «Тағдыр» романы бойынша өтетін оқу акциясының «Пікір (оқырман әсері) – эссе жазу» номинациясы:

Шарты:Қатысушы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романын оқу барысында алған әсерлері, шығармадағы көтерілген өзекті мәселелер мен кейіпкерлер туралы өз ойын, көзқарасын жазбаша түрде эссе түрінде баяндайды.

Талабы:Оқушының көркем шығарманы қабылдау қабілетін, өзіндік сыни ойлауын, талдай білу дағдысын және эссе жазу арқылы өз ойын еркін жеткізу шеберлігін анықтау.

Көлемі: 1-2 бет (шамамен 300–500 сөз).

Орындалу түрі: Жазбаша жұмыс дәптер бетінде орындалады.

Регламент: Эссені жазуға немесе ұсынуға арналған уақыт мөлшері  - 60 минут.

Бағалау критерийлері:

Тақырыптың ашылуы (10 ұпай);

«Тағдыр» романының идеясы мен оқырман әсерінің нақты, шынайы берілуі.

Өзіндік көзқарас пен дербестік (10 ұпай);

Дайын үлгілерді көшірмей, эссеге деген жеке бағасын, ой-толғауын өз сөзімен жеткізе алуы.

Мағыналық тұтастық пен құрылымы (10 ұпай);

Эссенің логикалық жүйесі (кіріспе, негізгі бөлім, тұжырымды қорытынды) сақталуы.

Тіл тазалығы мен стилі (10 ұпай);

Әдеби тіл нормаларын сақтау, сөздік қорының байлығы, көркемдік өрнектерді орынды қолдану.

Сауаттылық (10 ұпай);

Грамматикалық, орфографиялық және пунктуациялық ережелердің сақталуы.

Эссе жазу талаптары:

Эссе дәптер парағына анық, қолмен жазылуы тиіс.

Парақтың бірінші бетіне міндетті түрде мына мәліметтер толық жазылуы керек, эссені үшінші беттен бастап жазу керек:

Облыс, аудан/қала, мектеп аты;

Оқушының аты-жөні, сыныбы;

Жетекші мұғалімнің аты-жөні;

Жұмыстың атауы (Мысалы: «Тағдыр» романы бойынша оқырман әсері).  Сканерлеу немесе суретке түсіру ережелері:

Сапасы: Сурет немесе сканерленген нұсқа анық, жарық жерде, мәтіні оңай оқылатындай болуы тиіс (бұлдыр немесе қараңғы болып көрінбеуі қажет).

Формат: Парақ тігінен түсірілуі тиіс. Егер эссе 2 беттен тұрса, әр бетті жеке-жеке сканерлеп/суретке түсіріп, ретімен сақтау қажет.

Ыңғайлылық үшін:Бірнеше бетті немесе суретті бір файлға (мысалы, PDF форматына) біріктіріп жіберген әлдеқайда ыңғайлы.

Онлайн жолдау (жіберу) тәртібі:

Электронды поштаға: Дайын PDF файлын немесе сканерленген беттерді ұйымдастырушылардың электронды поштасына жібересіз (бірінші бетін құпиялық үшін жеке жібересіз).

5.3. «Тағдыр» романы бойынша өтетін оқу акциясының «Әдеби талдау» номинациясы:

Талабы: Қатысушы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романындағы кейіпкерлер жүйесіне, шығармада суреттелген тарихи кезеңге немесе туындының негізгі идеясына терең зерттеу жасап, өз көзқарасын шығарма/эссе түрінде жазады.

Шарты: Оқушының көркем әдебиетті терең түсіну, тарихи оқиғалар мен кейіпкерлердің іс-әрекетін сараптау, сыни тұрғыдан ойлау және өз ойын жүйелі түрде жеткізу қабілетін анықтау.

Көлемі: 500–800 сөз аралығында.

Орындау форматы: Мектепте орындалатын шығармашылық жұмыс.

Жіберу (жолдау) тәртібі: Рәсімдеу талаптары:

Жұмыс қолмен дәптерге жазылып, сканерленеді немесе сапалы түрде суретке түсіріледі.

Парақтың бірінші бетінде оқушының аты-жөні, сыныбы, мектебі және жетекші мұғалімнің аты-жөні міндетті түрде көрсетіледі.

Жолдау тәсілі: Дайын файл (PDF, Word немесе сканерленген суреттер) ұйымдастырушылардың электронды поштасына жіберіледі.

5.4. Екінші кезең офлайн форматта (Өскемен қаласында өткізіледі).

Іріктеу нәтижесін шығару: 2026 жылғы 20-25 қыркүйек аралығында ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығыI кезеңнің электронды жұмыстарын қазылар алқасына бағалатып, жұмыстарын саралап, (келген өтінім санына байланысты) ең үздік 40-50 қатысушыны II кезеңге іріктейді).

Форматы: Барлық қатысушылар бір үлкен залда жиналып, офлайн режимде өнер көрсетеді.

II кезеңге 4 негізгі бағыттар бойынша тапсырма беріледі:

1. «Оқу» бағыты:

Шарты: Қатысушы романнан өз қалауы бойынша бір кейіпкерді немесе бір эпизодты таңдайды.

Талап етілетін сұрақтар:

Бұл кейіпкерді/эпизодты не себепті таңдағанын;

Не үшін ұнататынын (немесе әсер еткенін);

Шығарманы жеке қалай түсінетінін баяндап береді.

Уақыт регламенті: 3 минутқа дейін.

Бағалау критерийлері:

Қазылар алқасы қатысушының өнерін келесі критерийлер арқылы бағалайды:

Мазмұндық тереңдік пен сұрақтардың ашылуы (10 ұпай);

Қатысушы таңдаған кейіпкерін немесе эпизодын не себепті таңдағанын нақты әрі дәлелді түрде түсіндіре білуі;

Шығарманың негізгі идеясын және жеке қалай түсінетінін терең пайыммен жеткізе алуы.

Мәтінді білуі және шығармамен байланысы (10 ұпай);

Романдағы оқиғаларды немесе кейіпкердің іс-әрекетін жақсы білетінін көрсетуі;

Мәтіннен орынды мысалдар келтіре білуі.

Сөйлеу мәдениеті және шешендік қабілеті (10 ұпай);

Ойын жүйелі, еркін, көркем әрі түсінікті жеткізуі;

Дауыс ырғағын дұрыс қолданып, тыңдаушының назарын өзіне аудара алуы.

Эмоционалды әсер мен шынайылық (10 ұпай);

Таңдаған эпизодына немесе кейіпкеріне деген жеке көзқарасының, шынайы әсерінің сезіліп тұруы.

Уақыт регламентін сақтау (10 ұпай);

Белгіленген 3 минуттық уақыт шегінен аспай, ойын нақты уақыт шеңберінде қорытындылай білуі.

2. «Сөйлеу (Сахналау)» бағыты:

Сипаты:Экспромт (дайындықсыз, сол сәтте орындалатын) тапсырма.

Шарты: Қатысушы алдын ала дайындалып келмейді. Қазылар алқасы жарыс барысында қатысушыға Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романынан арнайы бір кейіпкерді (негізінен басты кейіпкерлерді) ұсынады (мысалы, тікелей атау арқылы).

Орындау барысы: Қатысушы берілген кейіпкердің образына еніп немесе оның мінез-құлқын, іс-әрекетін, өмірлік ұстанымын және романның жалпы сюжетіндегі атқаратын рөлін жан-жақты талдап, ауызша баяндап шығады.

Регламенті: Ойлану уақыты: Қазылар алқасы кейіпкерді атағаннан кейін қатысушыға қысқаша ойлануға уақыт беріледі (мысалы, 1–2 минут).

Сөйлеу уақыты: Берілген кейіпкерді талдап, қорғауға 2–3 минут уақыт беріледі.

Бағалау критерийлері:

Қазылар алқасы бұл экспромт тапсырманы бағалауда мына көрсеткіштерге сүйенеді:

Кейіпкер табиғатын және рөлін терең түсінуі (10 ұпай);

Ұсынылған кейіпкердің мінезін, ішкі әлемін, роман желісіндегі маңызы мен атқаратын рөлін дұрыс ашып көрсете алуы;

Шығарма мазмұнын білуі және дәйектілік (10 ұпай);

Романдағы оқиғаларға сүйене отырып, кейіпкердің әрекеттерін логикалық тұрғыдан дұрыс бағалай білуі;

Экспромт қабілеті мен тапқырлығы (10 ұпай);

Кенеттен берілген тапсырмаға саспай, тез ойланып, ойын нақты әрі жүйелі түрде жеткізе алуы;

Шешендік шеберлік пен тіл байлығы (10 ұпай);

Сөйлеу мәдениетінің жоғары болуы, әдеби тілді орынды қолдануы, сөз саптау еркіндігі.

Уақыт регламентін сақтау (10 ұпай);

Берілген уақыт лимитінен аспай, ойды жинақы түрде жеткізіп аяқтауы.

3. «Ой-толғау» бағыты:

Сипаты: Оқушының жеке дүниетанымын, шығарманы қабылдау деңгейін, өзіндік сыни және шығармашылық ойлау қабілетін анықтайтын ауызша ой-толғау (монолог) түрі.

Шарты: Қатысушыға «Тағдыр» романының мазмұнына, идеясына немесе өзекті мәселелеріне байланысты сұрақтар немесе тақырыптар беріледі.

Тақырыптары:

«Тағдыр» романындағы ең әсерлі кейіпкер;

Егер сен сол дәуірде өмір сүрсең...;

Неліктен «Тағдыр» романын бүгін де оқу маңызды?

Т.б. романның идеясы мен бүгінгі заманмен байланысын ашатын сұрақтар.

Талабы мен орындау тәртібі

Талап етілетін әрекет: Қатысушы берілген тақырып немесе сұрақ бойынша дайын шаблондарсыз, өзінің жеке пайымын, көзқарасын логикалық жүйемен байланыстыра отырып, әсерлі әрі еркін баяндап шығады.

Маңызды ескерту:Ережеге сай, бұл бөлімде талқыланатын кейіпкер немесе мәселе алдыңғы «Оқу» және «Сәхналау» кезеңдеріндегі таңдалған кейіпкерлермен бірдей болмауы тиіс (басқа қырынан немесе басқа кейіпкер/мәселе арқылы ашылуы керек).

Регламенті: Дайындық уақыты: Тақырыпты таңдағаннан немесе алғаннан кейін ой жинақтауға қысқаша уақыт беріледі (1–2 минут).

Сөйлеу уақыты: Ой-толғауды баяндауға 2–3 минут уақыт беріледі.

Бағалау критерийлері

Қазылар алқасы бұл бағытты төмендегі көрсеткіштер бойынша бағалайды:

Тақырыптың терең ашылуы және мазмұны (10 ұпай);

Қойылған сұраққа немесе тақырыпқа жан-жақты жауап бере алуы, шығарманың негізгі идеясымен тікелей байланыстыруы.

Өзіндік көзқарас пен дербес пайым (10 ұпай);

Жасанды жаттап келген сөздер емес, өз ойы, жеке көзқарасы мен оқырман ретіндегі пайымының анық көрінуі.

Логикалық жүйелілік пен байланыс (10 ұпай);

Ойдың кіріспе, негізгі бөлім және қорытынды түрінде бірінен соң бірі жүйелі түрде өрбітілуі.

Тіл байлығы мен шешендік шеберлік (10 ұпай);

Әдеби тілді орынды қолдануы, сөздік қорының байлығы, ойын әсерлі әрі тартымды жеткізе білуі.

Уақыт регламентін сақтау (10 ұпай);

Берілген уақыт шегінен (2-3 минут) аспай, ойды нақты әрі толық аяқтай алуы.

4. «Насихаттау» бағыты:

Сипаты: Оқушының көркем әдебиетті, атап айтқанда Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романын замандастары мен сыныптастары арасында насихаттай білу, кітап оқуға баулу және жарнамалау қабілетін анықтайтын шығармашылық бағыт.

Шарты: Қатысушы «Тағдыр» романын басқа оқушыларға, өз құрдастарына оқуға ұсынып, «Бұл кітапты бүгінгі жастар не үшін оқуы керек?» деген сұраққа жауап беретіндей тартымды таныстырылым жасайды.

Талабы мен орындауы:

Қатысушы романдан ең әсерлі тұстарды немесе жастарға берер тәрбиелік мәнін қысқаша тілмен жеткізіп, құрдастарын кітапты оқуға қызықтыратындай сендіре білуі қажет.

Құрғақ баяндау емес, жарнамалық сипаттағы (оқырманды баурап алатын) шешендік тәсілдерді қолданғаны құпталады.

Регламенті: 2 минутқа дейін (уақыт қатаң қадағаланады).

Бағалау критерийлері:

Тақырыптың өзектілігі және кітаптың мәнін ашу (10 ұпай);

 Романның негізгі идеясын заманауи жастардың көзқарасымен байланыстырып, не үшін оқу керектігін нақты дәлелдей алуы.

Насихаттау және жарнамалау шеберлігі (10 ұпай);

Құрдастарын кітап оқуға қызықтыра білуі, сенімді әрі әсерлі үгіттей алуы.

Сөйлеу мәдениеті мен шешендік шеберлік (10 ұпай);

Сөз саптау еркіндігі, дауыс ырғағын дұрыс қолдануы, тілдің көркемдігі мен байлығы.

Эмоционалды әсер және актерлік тартымдылық (10 ұпай);

Сахнадағы өзін-өзі ұстау мәдениеті, тыңдаушының назарын өзіне аудара алу енері мен энергиясы.

Уақыт регламентін сақтау (10 ұпай);

Берілген 2 минуттық уақыт лимитінен аспай, ойды жинақы түрде әсерлі аяқтай білуі.

Маңызды ескерту (Қатаң талап): Екінші кезеңдегі «Оқу», «Сахналау» және «Ой-толғау» бөлімдерінде таңдалатын/талқыланатын үш кейіпкер бірдей болмауы тиіс (яғни, әр тапсырмада әртүрлі кейіпкерлер қамтылуы қажет).

VІ. Қорытынды шығару және жеңімпаздарды марапаттау

6.1. Байқаудың жеңімпаздары екі кезеңнің қорытындысы бойынша анықталып, жеңімпаздардың 45%-ы (I, II, III орындармен марапатталып) ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығының дипломдарымен және Асқар Жакулин атындағы жеке қайырымдылық қорының ақшалай сыйлықтарымен марапатталады.                     

6.2.Байқау жеңімпаздары төмендегідей номинациялар бойынша марапатталады:

- «Үздік әдеби ойды жеткізу» номинациясының арнайы жүлдесі;

- «Үздік кітап оқуды насихаттаушы»номинациясының арнайы жүлдесі.

6.3. Байқау жеңімпазы І орын иегерлерінің жетекші мұғалімі марапатталады.

6.4. «Үздік кітап оқитын мектеп» номинациясының арнайы жүлдесі. Жеңімпаз мектептің кітапханасына кітаптар сыйға беріледі.

6.5. Екінші кезеңге өткен әрбір қатысушы тіркелу кезінде естелік сыйлық алады.

VІІ. Қаржыландыру

7.1. Байқауды қаржыландыруды бекітілген сметаға сәйкес ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығыжүзеге асырады. Байқауға қатысушылар мен жетекшілердің іссапар шығындары (барып-келу жолы) жіберуші жақ есебінен төленеді.