І. Жалпы ережелер
1. Берілген Ереже қазақ тілі мен әдебиетінен академик, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері Қ. Бітібаева атындағы республикалық олимпиаданың облыстық кезеңін (бұдан әрі - Олимпиада) ұйымдастыру мен өткізу тәртібін анықтайды.
Олимпиаданың мақсаты – Шығыс Қазақстан облысының дарынды оқушыларын анықтау, дамыту және қолдау көрсету.
Олимпиаданың негізгі міндеттері:
- оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті бойынша білімдерін жетілдіру мен тереңдету;
- патриотизмді, азаматшылықты дамыту, ұлттық мәдениетке, дәстүрлерге деген құрметті дәріптеу;
- оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
2. Олимпиаданың ұйымдастырушылары Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі – «Дарын» ДпҚББД ШҚҒӘО) болып табылады.
ІІ. Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті
1. Олимпиаданы өткізу үшін шараны ұйымдастыру-техникалық және әдістемелік қамтамасыз ететін және үйлестіруді жүзеге асыратын ұйымдастыру комитеті (бұдан әрі – Ұйымдастыру комитеті) құрылады.
Ұйымдастыру комитеті:
1) Олимпиадаға жалпы жетекшілікті жүзеге асырады;
2) жыл сайын облыстық кезеңнің өтетін күні мен орнын айқындайды;
3) Олимпиаданың өткізу бағдарламасын бекітеді;
4) Олимпиаданың қорытындысын шығарады және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттайды;
5) Олимпиаданың облыстық кезеңінің қазылар алқасының құрамы мен саны бойынша ұсыныстар енгізеді;
6) қазылар алқасының құрамын бекітеді;
7) Олимпиаданың қорытындысын сараптайды және талдайды;
8) Республикалық ұйымдастыру комитетіне Олимпиаданың облыстық кезеңінің жүлдегерлер тізімін квотаға сай ұсынады.
ІІІ. Олимпиаданы ұйымдастыру мен өткізу тәртібі
1. Олимпиадаға қазақ тілінде білім беретін мектептердің 9-11 сынып оқушылары ерікті түрде қатыса алады.
Олимпиада 3 кезеңде өткізіледі:
1) бірінші – аудандық (қалалық) – аудандық және қалалық білім бөлімдері білім басқармасының тиісті органдары дайындаған тапсырмалар бойынша өткізіледі;
2) екінші – облыстық – ағымдағы оқу жылының сәуір айында республикалық ғылыми-әдістемелік кеңес дайындаған тапсырмалар бойынша өткізіледі.
Олимпиаданың екінші кезеңіне бірінші кезеңнің жеңімпаздары қатысады. Әр ауданнан (қаладан), облыстық мамандандырылған мектептерден 5 оқушы қатысады: 9 сынып – 1 оқушы, 10 сынып – 2 оқушы, 11 сынып – 2 оқушы.
3) үшінші кезең – республикалық – Өскемен қаласында 2023 жылы мамыр айында республикалық ғылыми-әдістемелік кеңес дайындаған тапсырмалар бойынша өткізіледі.
Олимпиада 2 айналымда өтеді:
1 айналым – эссе;
2 айналым – жазбаша – қазақ тілін, қазақ әдебиетінің шығармаларын, Қ.О. Бітібаеваның өмірбаянын, оның ғылыми мұрасын және публицистикалық еңбектерін білу бойынша.
2. Орындалған жұмыстарды тексеру мен бағалау үшін облыстың жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, профессорлары, ғылым кандидаттары, доценттері мен оқытушылары қазылар алқасының құрамына кіреді.
3. Оқушылардың жұмысын тексеру аяқталғаннан кейін қорытынды хаттамалар Ұйымдастыру комитетінің интернет ресурсына салынады.
4. Оқушылардың тапсырманы орындау процесі бейнетрансляциямен сүйемелденеді және көрсетілген бейнетаспа республикалық кезең аяқталғанға дейін сақталады.
5. Олимпиаданың барлық кезеңінде тәуелсіз бақылаушылар қатысуы қажет.
IV. Олимпиада жеңімпаздарын марапаттау
1. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер саны әр сынып бойынша Олимпиадаға қатысушылардың жалпы санының 45 пайызын құрайды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталады.
2. Барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады.
V. Олимпиаданы қаржыландыру
1.Олимпиадаға қатысушылардың және олардың жетекшілерінің іссапар шығындары (екі жаққа жол жүру, тұру, тамақтану) жіберуші жақ есебінен төленеді.
2.Іс-шараның облыстық кезеңін өткізу, жүлдегерлерді марапаттаубекітілген шығындар сметасына сәйкес «Дарын» ДпҚББД ШҚҒӘ орталығы жүзеге асырады.