Өз өнерімен байқаудың қазылар алқасының көңілінен шыққан жас дарынды оқушының алғашқы өнерге деген қадамы Өскемен қаласындағы ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер мектебінің вокалдық сыныбынан басталды.
Аяужан кішкентайынан халық алдына шығып, өнер көрсеткенді жақсы көреді. Өнер мектебінен алған білімінің арқасында шығармашылық тәжірибесін «Айгөлек», «Біз біргеміз» байқауларына, «Сәлем» республикалық байқауына, «Жаңа формат» халықаралық байқауына, «Тhe best in Kazakhstan», «Star of Eurasia», «Шырқа Бозторғай», «Мөлдір нота» облыстық байқауларына қатысу арқылы жетілдірді.
Ұлттық байқаудың іріктеу кезеңінің жеңімпазының бойынан батылдықты, өнеріне деген сүйіспеншілікті, алға жетелейтін арманын байқауға болады.
«Бала дауысы» Ұлттық балалар ән конкурсының V маусымына облысымыздың аудан, қалаларынан 4 135 жас әнші қатысты. Байқауға келген қатысушылар көп болғандықтан, қазылар алқасына үздікті анықтау қиынға соқты. Нәтижесінде кіршіксіз таза бұлақтай дауысымен, харизмасымен ерекшеленіп Асылбек Аяужан таңдап алынды.
Өнерлі де, талантты жас әншілердің басын қосқан байқаудан жеңімпаз атану оңай болмады, − дейді жас әнші.
Қазан айында шығысқазақстандық Асылбек Аяужан Ұлттық «Бала дауысы» балалар ән байқауының V маусымының финалындаоблысымыздың намысын қорғайды. Қазіргі уақытта Аяужан басқа қатысушылармен бірге Конкурс финалына дайындалу үстінде, ол Республика Сарайында өтетін байқауда сөзі Бауыржан Бимахан, әні Дүйсенбі Арман жазған «Өмірім әнім» атты авторлық әнін орындайды.
Құрметті жерлестер! Өнер сүйер қауым! Болашақта жарық жұлдыз болып жанатын Аяужанның талабын, талантын қолдап Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігінің,Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қорының қолдауымен Ә. Назарбаеваның «ЖАНДАНУ ӘЛЕМІ» Қоры ұйымдастыратын Ұлттық «Бала дауысы» балалар ән конкурсында дауыс беріп, қолдау білдірейік!
Аяужанға сәттілік тілейміз!