«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметовтың тапсырмасына орай, әдебиет саласын оқуда ерекше қабілет танытқан оқушыларды анықтау және ынталандыру, оқушылардың танымдық белсенділіктерін дамыту, оқырмандардың қабылдау және түсіну мәдениетін қалыптастыру, өскелең ұрпақты туған өлкенің әдеби мұрасына араластыру мақсатында 2018 жылдың 31 мамыры мен 17 маусымы аралығында «Әдеби Шығыс» оқу-жаттығу айналымыөткізілді.
Айналымға қатысушылар «Әдеби Шығыс» конкурсының жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды.
Айналым Өскемен қаласы - Жидебай қорығы (Абай ауданы) - Семей қаласы - Шемонаиха ауданы - Өскемен қаласы бағыты бойынша өтті.
Абай ауданы - тарихи бай, шежіреге толы, қасиетті жер. Бұл киелі мекен,осында қазақ мәдениетінің ғұламалары, аттары әлемге әйгілі Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов дүниеге келіп өмір сүрген. Балаларға жерлестеріміздің отанына барып, ұлы ойшылдар өмірі мен шығармашылығы, рухымен жақындасуға, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін сезінуге мүмкіндік туды.
Олар Күшікбай асуындағы бұлақты, Еуразия құрлығының географиялық орталығын, «Еңлік-Кебек» ескерткішін, Абай-Шәкәрім мемориалдық кешенінкөріп, Абай Құнанбаев атындағы мұражай-үйіне, Невзоровтар отбасы атындағы Шығыс-Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайына, Ф.М. Достоевский атындағы мұражай-үйіне, Семей қаласындағы Абай атындағы мұражайға, тарихи-өлкетану мұражайына, сонымен қатар Шемонаиха ауданындағы А. Иванов ескерткіші мен Марьин жартасы кешеніне барды.
Айналымды өткізу барысында шеберлік-сыныптары, оқу-тәжірибелік сабақтар, сонымен қатар туған өлкенің әдеби мұрасын білуге арналған сауалнама өткізілді.
Бұл сапар балаларға өте қатты әсер етті.
«Ұлы Абай мен Шәкәрімнің дүниеге келген киелі жерлеріне бару мен үшін үлкен қуаныш болды. Себебі өз өлкеміздің тарихи жерлері туралы кітаптардан, ақпарат құралдарынан ғана таныс болсам, осы сапар кезінде өз көзіммен көріп, тамашалап қайттым» - деп өзі алған әсерімен Риддер қаласы «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясының оқушысы Жакипова Дильназ бөлісті.
Күршім ауданынан келген Самарханов Досжан «Сапардан алған ерекше әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Алған ақпараттарды сабақта да, өмірде де қолданамын деп ойлаймын. Маған бұл шара өте ұнады».