Өскемендегі Г. Плеханов атындағы Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университеті филиалының базасында Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы «Өзін-өзі тану» пәнінен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңін өткізді .
Оған облыстың барлық қалалары мен аудандарының, дарынды балаларға арналған облыстық білім мекемелерінің 7-9 сыныптарынан барлығы 145 оқушы қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиаданың мақсаты- оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және дарынды балаларды анықтау үшін қолайлы жағдайлар жасау, олардың өзін-өзі жетілдіруге және өзін-өзі тануға ұмтылысына қолдау көрсету. Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар эссе жазса, екінші кезеңде «Әлемді сүйіспеншілік пен мейірімділікке толтырайық » тақырыбында командалық презентация қорғады. Презентацияларда оқушылар өздерінің рухани білімін, қазіргі өмірдің өзекті құндылықтарын, жеке қасиеттері мен азаматтық ұстанымдарын көрсетті.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша 33 қатысушы жүлдегер атанып, 6 оқушы бірінші, 9 оқушы екінші, 18 оқушы үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Ал жоғары оқу орындары ғалымдарынан құралған қазылар алқасының шешімімен I орынды Семей қаласының командасы мен Өскемен қаласы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған қазақ-түрік-лицейінің командасы қанжығасына байласа, Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының командасы мен Бородулиха ауданының командасы екінші, ал Семей қаласы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған қазақ-түрік-лицейінің командасы, Жарма және Күршім аудандарының командалары үшінші орынға ие болды.
Барлық қатысушыларға сертификаттар, жүлдегерлерге дипломдар табысталды. Олимпиаданың жеңімпаздары үстіміздегі жылдың қараша айының бірінші онкүндігінде Алматыда өтетін «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында өтетін «Өзін-өзі тану» пәні бойынша олимпиаданың республикалық кезеңіне қатысып, бақтарын сынайтын болады.
М. Екпінтайқызы