+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Robotek
Облыстық «Дидар» газеті 2016 жыл 28 наурыз, №34 (17274) «25 оқушы республикалық байқаудан жүлделі оралды»
28 Mar, 11:12

Шығыс Қазақстан облысының оқушылары Ақмола облысындағы Щучье қаласындағы оқыту-сауықтыру «Балдәурен» лагерінде өткен 1-7-сынып оқушыларына арналған зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «Зерде» республикалық байқауына қатысып қайтты.

Бұл байқаудың мақсаты – жастайынан баланың зияткерлік шығармашылығын ынталандыру және дамыту, оларды ғылыми зерттеу жұмысына тарту екенін айта кеткен жөн.

Аталмыш байқауда оқушылар математика-информатика, физика-техника, қазақ тілі және әдебиеті, орыс тілі және әдебиеті, биология, химия, валеология, сондай-ақ, география-экология, тарих, өлкетану, этномәдениеттану, психология-медицина пәндері бойынша жобаларын қорғап, бақтарын сынады.

Бұл байқауда Шығыс Қазақстан облысының намысын 26 оқушы қорғап, оның 25-сі жүлдегер атанды. Сондай-ақ, бір оқушы «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының грамотасымен марапатталды. Ал байқаудың қорытындысына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының командасы жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды.

Байқауда бірінші дәрежелі дипломмен алғандардың бірі – Анвар Алипов. Ол - Өскемендегі дарынды балаларға арналған валеологиялық арнайы мектеп-кешенінің 4-сынып оқушысы. Аталмыш байқауда Анвар жетекшісі Татьяна Мурзинамен бірге «Энерготиімділік» деген тақырыпта жобасын қорғап қайтыпты. Өзінің айтуынша, ол аталған тақырыпты қорғау үшін үш жыл бойы дайындалып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіпті.

Республикалық байқауға қатысқан Өскемендегі №20 мектептің жетінші сынып оқушысы Руслан Қабдылов болса, «Ұлан ауданының петроглифтері» атты жобасын қорғап, бірінші дәрежелі дипломды қанжығасына байлап қайтыпты. Руслан бұл жобаны жазу барысында далалық экспедицияға қатысқан екен

– Петроглифтерді зерттеу жұмысына осыдан екі жыл бұрын кірістім. Бастапқыда жасым жетпегендіктен археологиялық жұмыстарға жібермеді. Сол жағы аздап қиындық тудырды. Алайда, отбасым мен жетекшім Жақсыбек Бейсенбаевтың арқасында бұл қиындықты жеңіп шықтық, - дейді Руслан Қабдылов.

Айтпақшы, байқауда ерекше көзге түскендердің бірі – Аруай Расулова. Ол - дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектебінің 6-сынып оқушысы. Аталмыш байқауда қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша «Қасым Қайсенов шығармаларында кездесетін жер-су аттары» деген жобасын қорғап, үшінші дәрежелі дипломға ие болған Аруай болашақта Қасым Қайсеновтің шығармашылығын толығымен зерттегісі келетінін де жасырмады.