+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Robotek
Облыстық «Дидар» газеті 2015 жыл 27 ақпан, №24 (17113) «Ақберен» байқауында бақтарын сынады
16 Mar, 08:59

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, жас ұрпақтың бойындағы ұлттық рухты оятып, ана тілі мен әдебиетінің құнарын бойына сіңіруді көздеййтін көздейтін «Ақберен» байқауының орны қашанда ерекше. Жуықта Өскемендегі оқушылар сарайында республикалық «Ақберен» байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетті.

Өңірлік ғылыми практикалық «Дарын» орталығының тікелей мұрындық болуымен өткен бұл байқауға негізінен өңір мектептерінің 8-11 сынып оқушылары қатысты. Кейбір аудан оқушылары ақпанның ақ түтек боранының кесірінен аламанға қатыса алмады. Шешендік өнер, көркем сөз оқу, шығарма жазу, ұлттық аспапта ойнау, ақындары айтысы, ақындар мүшайрасы секілді алты бағыттан тұратын байқауға әр мектеп өзінің жүйрігін үкілеп әкелген ә дегеннен-ақ байқалып тұрды. Мысалы, «Шешендік өнер» аталымы бойынша оқушылар «Дүниеде не өлмейді?»,  «Асыл тастан, ақыл жастан», «Халқым үшін тудым», «Жеті жақсы» деген тақырыптарда сөз таластырды. Қазылар алқасы олардың сөз саптау мәнеріне, өз ойын әдеби мәліметтерін келтіре отырып, дәлелдей білуі мен сұрақ қоя білу, сұраққа жауап беру шеберліктеріне ерекше мән берді. Сайыстың бұл түрінде Күршімдік Өнер Кәмшат, Өскемендік Жанбота Маратова мен Дина Қыдырбекова, Аягөзік Қайнар  Ерболатов ерекше көзге түсті. Ал ақындар мүшайрасында жас дарындар арнайы әкелген үш өлеңінің бірін нақышына келтіре, мәнерлеп оқыды. Көркемсөз оқу, ұлттық аспапта ойнау, шығарма жазу сайыстарындда да жарқылдап көзгк түскендер көп болды.  Десе де «Ақберен» байқауының ең бір қызық тұсы – ақындар айтысы болғанын атап айтқан жөн. Айтыс десе делебесі қозып тұратын халықтың өкілі болғандықтан ба, оқушылар сарайының кең залы дүбірге толып кеткендей көрінді. Әсіресе, тарбағатай ауданының Өкпеті орта мектебінің 8-сынып оқушысы Ермұхамет Мұратов ойының тапқырлығы, суырып сала білу шеберлігі мен ерекше көзге түсіп, дара шықты. Нәтижесінде, командалық есепте Тарбағатай ауданы бірінші, Күршім ауданы екінші, ал Семей қаласы үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздар наурыз айының 1—21 аралығында Түркістан қаласында өтетін республикалық кезеңде бақтарын сынамақ.