Кез келген бала дарынды, тек оның көзін дер кезінде аша білу керек. Өскемен қаласында өткен «Дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыру» тақырыбына арналған облыстық семинарда осы мәселе жан-жақты талқыланды.
Дарынды балармен жұмыс істейтін мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға қалалық (аудандық) білім беру бөлімдерінің дарынды оқушылармен жұмысты үйлестіруші әдіскерлері, облыстағы мектеп директорларының орынбасарлары қатысты. Семинар пікірталас түрінде өтті.
Басқосуда бойында дарыны бар жеткіншектерді анықтау және оларға қолдау көрсету, ынталандыру бағытында жүргізілген жұмыстар сараланып, олардың тиімділігі сөз болды. Жиналғандарға Семей қаласы мен Аягөз ауданы білім беру бөлімдерінің, облыстық математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектепте қолға алынған жаңа білімдік жоба – ІТ мектептің озық іс-тәжірибелері көрсетілді. Семинарға қатысушылар қазіргі кезеңде дарындылықты анықтау мен жетілдіруде қолданып жүрген әдіс-тәсілдердің кеңейгендігін баса айтты. Семинар қорытындысы бойынша облыстағы дарынды балалармен жұмысты ұйымдастырудың тиімді жолдары мен ұсыныстары талқыланып, резолюция қабылданды.
Жиын соңында 2013-2014 оқу жылы дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыруда үздік нәтижелерге жеткен ең үздік үйлестірушілер, білім бөлімдері мен мекемелері марапатталды.