+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Robotek
«Дидар», №115, 04.10.2014 ж. «Салтанаттың шығармасы үздік деп танылды» Рыскүл Мұратбекова
10 Окт, 10:37

«Дарын» орталығы өткен жылы «Ел тірегі – Елбасы» тақырыбында оқушылар арасында шығарма жазудан республикалық байқау жариялаған еді.

Сол байқауға қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Қ. Толықбаеваның жетекшілігімен Глубокое ауданындағы №1 Предгорное орта мектебінің оқушысы Салтанат Сәрсенбаева қатысқан-ды. Биыл байқау қорытындысы жарияланып, Салтанаттың шығармасы үздік деп танылды.

Республика оқушыларының Елбасы туралы үздік шығармалары жинақталып, Президенттің баспасөз қызметі мен «Айқын» газеті «Президент пен перзент» атты жобаны іске асырды. МАҚ-ОКА-ОЙЛ мұнай компаниясының қолдауымен журналист Бейсенбай Дәулетұлы «Арна» баспасынан бұл жинақты кітап етіп бастырып шығарды. Аталған жинаққа Салтанаттың «Оған ұқсағым келеді» атты үзіндісі енгізілді. Бұл кітапта Мемлекет басшысымен ел ішіндегі іс-шараларда жүздесіп, тілдесу мүмкіндігіне ие болған, кейін түрлі салада жетістікке жеткен жас ұландар туралы мәлімет берілген. Бір кезде Елбасынан бата алған, бүгінде азамат болған өрендердің тәуелсіз еліміздің дамуына қосқан өзіндік үлестері жөнінде баяндалады.

24-қыркүйек күні Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында осы кітаптың тұсаукесері өтіп, оған барлық шығарма авторлары, білім және ғылым министрі А. Сәрінжіпов қатысты. Барлық шығарма жазған оқушыларға министр өз қолымен «Президент пен перзент» кітабын және ескерткіш сыйлықтар табыс етті. Салтанаттың мұғалімі Қ. Толықбаеваға министр атынан алғыс хат берілді.

– Менің бұл жетістігім – Елбасының және оны қапысыз қолдаған Қазақстан халқының ерен еңбегінің, берекелі тіршілігінің нәтижесі, – дейді Салтанат Сәрсенбаева.