Жас техниктер станциясының шәкірті Егор Какоткин облыстық, республикалық байқауларда бақ сынап, өңір мерейін үстем етіп жүргендердің бірі. Басты мақсаты – ғылымға өз үлесін қосу.
Болашақта мықты маман болуды армандайтын Егор Какоткин қазіргі уақытта ұшақ модельдерін жасауды меңгеріп жүр. Айтуынша, бірнеше сайыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болған.
Үйірме жетекшісі – Сағындық Жұмағалиев. 20 жылдық еңбек өтілі бар білікті маманның түлектері арасында қазіргі уақытта кәсіби ұшқыш пен авиаинженер атанғандар да бар.
Облыс орталығында аталған үйірмеге сұраныс жоғары. Жас жеткіншектер өз білімдерін шыңдап, түрлі сайыстарда топ жарып жүр. Байқауда олар өздерінің жаңа өнертабыстарын көрсетеді.