Өскеменде суда құтқару көпсайысы бойынша турнир өтті. Жарыс облыс көлемінде осымен 4-ші рет ұйымдастырылып отыр. Аталған шараның өтуіне облыстық ТЖД құтқарушылары мен №29 қосымша білім беру мектеп-орталығының педагогтары мұрындық болған. "Қазақстандағы балалар жылы" аясында жүзеге асырылыпты.
Алда суға жүзу маусымы. Өскелең жас сүңги де, малти да білуі керек. Суда еркін қимылдап машығын қалыптастырғаны жөн. Ұйымдастырылған сайыстың негізгі көздегені жас өрендерді қауіпсіздік шараларын сақтауға дайындау.
Турнирге қатысушылар 25 метрді жылдамдықпен жүзіп өту бойынша бәскеге түсті. Суға батқандарға дұрыс түрде көмек көрсету бойынша сыналды. Шара барысында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен апаттар медицинасы орталығының мамандары суға батып бара жатқан адамды құтқару бойынша практикалық сабақ өткізді. Алғашқы көмек беру кезіндегі ережелерді түсіндірді.
Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды Өскемен қаласының №29 мектеп-орталығының оқушылары иеленді. 2-орын Семей қаласының Шығыс технологиялық колледжінің командасының еншісінде. 3 орын Өскемен қаласының №23 мектебінің оқушыларына бұйырды.