+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Robotek
Облыстық «Дидар» газеті 20 қыркүйектегі №111 (17659) Шығыстағы экотуризмнің әлеуеті зор
27 Сен, 18:46

Қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі факторы - ұлтымыздың мәдени-генетикалық кодын сақтау, патротизм. Халықтың ұлттық коды жас ұрпақтың туған жеріне, туған өлкенің табиғатына деген ерекше көзқарасы арқылы қалыптасатындығы сөзсіз. Таулы Үлбіде «Табиғатты аяла» деген тақырыппен өткен облыстық форум өңіріміздің әр қала-аудандарынан келген 200-ден астам жас-өлкетанушы экологтар мен натуралистердің басын қосты. Жиын барысында экология проблемалары, су, энергия қорларын үнемдеу мәселелері кеңінен талқыланды.

Мектеп оқушыларын экологиялық білімге және табиғатты қорғау шараларына тарту, экологиялық мәдениетті және туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған іс шараға аудандық, қалалық іріктеу кезеңінен өткен 6-10 сыныптардың 200 оқушысы қатысты.

- «Рухани жаңғыру» - бүгінгі жас ұрпақтың жарқын болашағына бағытталған келешектің бағдарламасы. Осы мемлекеттік бағдарлама аясында өңірімізде алты бағыт бойыншаа 27 жоба 18 кіші жоба іске асырылып жатыр,- деді пленарлық отырыста дарынды оқушыларды құттықтап, форум жұмысына сәттілік тілеген облыстағы «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Мәдениет Ахметова.

Қазіргі кезде жер бетінде энергия тапшылығы байқалуда. Жылу электр станцияларының күш қуаты жетпей жатыр. Бұрыннан пайдаланып келе жатқан көмір, мұнай, табиғи газ сынды энергия көздерінің сарқылуы немесе қорының азаюы, олардың қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерінің күн санап артуы сала мамандарын алаңдатып отыр. Бүкіл әлем энергия тапшылығынан құтылып, қоршаған ортаны ластамайтын баламалы энергия көздеріне қол жеткізуге кірісіп те кетті. Әлемде қазіргі кезде өндірісте ядролық электр энергиясын АҚШ, Франция, Жапония, Ресей, Корея және Германия өндіреді. Сондықтан елімізде де болашақта АЭС салу жоспарланып отыр.

Тау өзендеріне салынатын шағын гидростанцияларды  да тиімді энергия көзі деп қарауға болады. Сарқылмайтын энергия көздері бойынша Қазақстан жан басына шаққанда алдыңғы қатарда.

- АЭС бүкіл әлемнің қуатты энергия көзіне айналып отыр. Курчатов қаласы, Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылы, Ақтау, Қостанай мен Тараз қалалары АЭС салуға қолайлы аймақ ретінде танылған. Дегенмен, Жапониядағы Фукисима апаты және Украинадағы Чернобыль апатынан қаншама адам зардап шеккендігін ескерсек, оның қауіпсіздік жағы да қоғамды алаңдатып отыр. Елімізде қазір бұл бағытта зерттеулер жүргізіліп жатыр. Қазақстан мен Жапония атомды бейбіт мақсатта қолдану саласында жиырма жылдан бері әріптес. Бұл байланыстың нәтижесінде Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықта атом энергетикасы саласындағы тәжірбиелік база қалыптасқан. Түрлі күрделі зерттеулер жүргізетін ғылыми техникалық мамандар дайындалды. Еліміз үшін бұл әріптестікті жандандыра түсудің маңызы зор, - деді атом электр станциясының пайдасы мен зияны жайлы ғылыми жобасын қорғаған 10 сынып оқушысы Әлинұр Жұмағазыұлы.

Форум барысында «Экологиялық туризмді дамыту» мәселесі де кеңінен сөз болды. Бүкіләлемдік туристік ұйымның мәліметіне сүйенсек, халықаралық туристер саны 2020 жылдарға қарай 1,5 миллионға өспек. Бүгінгі таңда экологиялық туризм – әлемдік туристік саланың жаңа және қарқынды дамып келе жатқан басым бағыттарының бірі. Семей қаласындағы №39 мектептің 11 «В» сынып оқушысы Айдана Викентий айтып өткендей, тоғыз жолдың торабында орналасқан еліміз үшін экотуризмді дамыту елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандырып қана қоймай, оның әлеуметтік мәселелерінің де оңтайлы шешілуіне ықпал ететін болады. Тамаша табиғат жағдайы әрі табиғи-тарихи ескерткіштердің көптеп кездесуі елімізде экотуризмді дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Риддердегі Батыс Алтай тауларындағы дәу тастардың ғажайып пішіні саяхатшылыларды сиқырлы әләмге жетелейтіні сөзсіз. Ал Катонқарағайдың табиғи қорықтарындағы қарағайлы ормандары мен сарқыраған өзендері сафалтындай тазалығымен көз тартады.

Жарма жері де ертеден-ақ оңтүстік пен солтүстікті керуен жолдарымен байланыстырып жатыр. Табиғаты көркем бұл өлке ежелден саяхатшылар мен географтарды қатты қызықтырып келеді. Мұндағы Арасан зор көлі балшығының шипалы қасиеттерімен белгілі. «Жарма Арасан» сауықтыру орталығы Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Экотуризм ұлттық салт-дәстүрлерді жандандыруға себепші болатын ұлттық өнер түрлерін, қөлөнерді дамыту арқылы, сонымен қатар қызмет көрсетуші персонал ретінде жұмыс істейтін жергілікті тұрғындардың тұрмыс халін жақсартуға да мүмкіндік береді. Экотуризм дамыған жағдайда халыққа белгілі бір табыс әкеліп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болады.

Облыстағы экологиялық департаменттің бас маманы Нұржанат Уәлиханқызы айтып өткендей, осы салаға маманданып жүрген студенттер аталмыш департаментте тәжірибеден өтеді. Өскемен өндірістік шаҺар болғандықтан Казцинк, УМЗ, Өскемен жылу-электр орталығы, Согра жылу электр орталығы, Машзавод сияқты ауаның ластануына себепкер болып отырған ірі кәсіпорындар аз емес. Сондықтан экология департаментіне қарасты түрлі зертханаларда ауаның, судың, топырақтың қаншалықты ластанғанын өлшеп отырады. Зиянды қалдықтардың мөлшерден асып кетуіне жол берген өндіріс орындарына ескерту жасалады.

Үш күнге созылған форум аясында білім басқармасы және «Дарын» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының бастамасымен «Туған өлкенің табиғатын аяла» ғылыми практикалық коференциясы, зерттеу жобаларының байқауы, сала мамандарының жетекшілігімен түрлі шеберлік сыныптары, «Қалдықтардан табыстарға» шығармашыылық жұмыстар көрмесі, «Экоәлем» бейнероликтер тұсаукесері өтті. Экологиялық квест және экскурсия барысында жас экологтар тәжірбие жинап, пікір алмасты.

Ешбір шикізат, қазба байлығы жоқ Жапония қазір ең озық, дамыған мемлекеттер қатарында. Ол елдегі ата-аналар баласы сабақтан келгенде ең алдымен «Бүгін қоғамға қандай пайдалы іс тындырдың?» деп сұрайды екен. Сонда балалары «Мен жерге қоқыс тастамадым, табиғатты ластамадым, қарияны жолдан өткізуге көмектестім» деп жақсы істерімен ата-анасын қуантуға тырысады.

Демек, санамыз жаңғырсын десек, ересектер үлгі болып, жас ұрпақты титтейінен табиғатты аялауға, туған жерін сүюге тәрбиелеп, адамгершілік құндылықтарға баулығанымыз жөн.

Айжанат Бақытқызы