Туған өлкенің табиғатына жетер не бар десеңізші, шіркін! Осынау жұмақ мекеннің қадірін бала кезден біліп, қасиетін сезініп өскен ұрпақ қандай бақытты! Осы орайда өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы былтырдан бері бір тамаша шараны қолға алып, іске асырып келеді. Ол - туристік экспедициялық жасақтардың «Менің Отаным - Қазақстан» атты облыстық слеті. Міне, кезекті бір слет өз мəресіне жетті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткен осынау шараға өңірдің əр түкпірінен 200-ден астам оқушы қатысты.
Шараның мақсаты - балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту, өскелең ұрпақтың өлкетануға деген қызығушылығын ояту, шырайлы Шығыстың табиғаты мен мəдениеті жөніндегі танымын кеңейтіп, туристік дағды мен икемділікке үйрету, оқушылардың бойында экологиялық мəдениетті қалыптастырып, жас ұрпаққа патриоттық жəне азаматтық тəрбие беру, - дейді «Дарын» Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Гүлжан Елемесова. Облыстық слетке жолдама алу үшін оқушылар мектепішілік, аудандық іріктеу кезеңдерінен өткен.
Облыстық кезеңнің бағдарламасы мазмұнды шараларға өте бай болды. Слетке қатысқан 7-10 сыныптардың оқушылары ең алдымен «Қазақстанда туризм индустриясын қалыптастыру жəне дамыту», «Шығыс Қазақстанның тарихи-мəдени мұрасы», «Экспедицияның мəдени-тарихи құндылықтарды зерттеу қорытындысы бойынша презентациялауға дайындау алгоритмі» тақырыптарында дəріс тыңдап, шеберлік-сыныптарына қатысты. Сондай-ақ «Жаяу жүру туризмінің техникасы», «Су туризмінің техникасы», «Бағдарлау», «Топография», «Алғашқы медициналық көмек көрсету», «Құзға шығу», «Құтқару жұмыстары» секілді оқу-тəжірибелік сабақтарына да қатысып, жорық алдындағы дайындықтарын пысықтады. Сөйтіп, облыстық слеттің бесінші күні туристік экспедициялық жасақтар туған өлкенің тарихи-мəдени құндылықтарын зерттеу үшін үш бағыт бойынша саяхатқа аттанды. Құрамы 70 баладан тұратын бірінші жасақ Катонқарағай бағытына аттанса (Берел қорғандары, Ұлттық табиғи саябақ, Рахман қайнары, Мұзтау), екінші туристік экспедициялық жасақтың Семей өңіріне ықыласы ауыпты, ал үшіншісі Күршім ауданының тарихи-мəдени ескерткіштерімен танысуды мақсат тұтыпты. Осы үшінші бағыт бойынша біз де оқушылармен бірге экспедицияға шыққан болатынбыз.
Туған өлке табиғаты тамаша
Іші балаға толы үш автобус Күршім өткеліне жеткенде, күн ұясынан арқан бойы көтерілген. Жағада дəл осы балалардың келуін күткендей паром да дайын тұр екен. Оқушылардың арасында паром дегенге алғаш мініп тұрғандары да бар. Солардың бірі – Семей қаласындағы №37 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Аяжан Қайырбек. Ертістің ерке толқындарына ойлана қараған қызды ақырын сөзге тарттым.
Туған жеріміздің табиғаты қандай ғажап! Біздің жерде шөл де, жазық дала да, тау да, өзен-көлдер де бар. Болашақта теңізді зерттейтін маман болғым келеді, - дейді ол жымиып.
Ал Ұлан ауданы Мамай батыр ауылындағы Ломоносов атындағы орта мектептің 8-сыныбын бітірген Аружан Əміржановаға паромға міну еш таңсық емес. Ол Күршімге жиі келеді. Мұнда Аружанның нағашы апасы тұрады. Бірақ бұл жолы Аружан нағашы апасының үйіне соқпайды. Бұл сапардың мақсаты басқа, жас зерттеуші осынау өлкенің тарихына терең үңіліп, табиғатын тамашаламақ.
Тастағы жазу сырына үңілді
Күршімге жетіп, ауқаттанып, əл жинап алған соң, туристік-экспедициялық жасақ осындағы Мойнақ шатқалына бет түзеді. Бұл шатқалдың ерекшелігі – мұнда петроглифтер көптеп кездеседі. Шынында да, шатқалдағы тасқа салынған суреттер біршама екен. Тіпті тастағы суреттерді ашық аспан астындағы галерея десе де болғандай. Оқушылардың барлығы əрбір суретті ерекше қызығушылықпен тамашалауда. «Вояж – Қазақстан Алтайы» туристік фирмасының директоры Ирина Щеглова да балаларға бұл суреттердің ата-бабаларымыздың өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен ақпарат беретінін айтып түсіндіруде. «Тастағы суреттердің əрқайсысының символикалық мəні бар» дейді ол. Міне, мына бір тасқа қолында садағы бар аңшы мен қашып бара жатқан аңның бейнесі қашалып салыныпты. Ал мына бір тастағы суреттің сұлбасы аспандағы күнге ұқсайды екен. Өкінішке қарай, тастағы кейбір суреттер бүлінген. Тіпті, кейбір суреттердің үстіне əлдекімдер өзінің аты-жөнін баттитып жазып та қойыпты.
- Біздің ауылда да мұндай петроглифтер көптеп кездеседі. Бірақ бұл жердің петроглифтері біздікіне қарағанда өзгешелеу екен, - дейді Ұлан ауданы Мамай батыр ауылындағы Ломоносов мектебінің 9-сынып оқушысы Иманғали Хуатай.
Иманғалидың айтып тұрғаны Ақбауыр тарихи-археологиялық кешеніндегі петроглифтер болар деп топшыладым іштей.
- Жалпы, адам баласы қашан да қайғырған, мұңайған сəтін емес, қуанышты кездерін тас, қағаз бетіне түсіргісі келеді ғой. Өйткені қуаныш, шаттық адамға бақыт сыйлайды. Мына тастағы суреттерден де біз көп нəрсені түсінгендей боламыз. Негізі тастағы суреттердің сырына терең бойлағың келсе, тарихты ғана білу аз, археология, мифология, этнография салаларынан да хабарың болуы керек, - дейді Ирина Щеглова.
Келесі күні оқушылар мінген автобустар Күршім ауданының аумағындағы Қиын Керіш шатқалын бетке алды. Бұл шатқалға туристер негізінен топырағының ерекше түсі үшін ағылады. Қызыл, сары, ақ, көк түсті топырақты құлама жарларды кейде «Жалынды жар» деп те атайды екен. Осынау табиғат ескерткіші оқушыларға ерекше əсер сыйлады.
Ел мақтаны – Марқакөл
Келесі бағыт – жер жаннаты, ел мақтаны Марқакөл көлі. Экспедицияның үшінші күні Марқакөл ауылынан жетпіс шақырым жердегі көлге аттандық. Көлге жету біз ойлағандай оп-оңай емес екен. Əрі оған апарар жол да тақтайдай тегіс емес. Автобустың біреуінің моторы қызып кетіп, көлге жете алмай, жолда қалды. Ондағы оқушылар қалған екі автобусқа бөлініп отырды. Шынында да, көл дегеніңіз ғажап, сұлу екен. Марқакөліңіз сұлу қыздың жəудіреген жанарындай болып, мөлдіреп жатыр. Неге екенін білмеймін, Марқакөлді көргенде, менің есіме əжемнің сандығы түсті. Жарықтық бір киер киімін сол сандыққа салып, тығып қоюшы еді. Табиғат та сол менің əжем секілді, Марқакөлдей сұлуын сұқ көздерден жасырып, таудың арасына тығып қойғандай. Оқушылар Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығындағы жан-жануарлар мұражайын тамашалап, біраз мағлұматтар алды.
Жалпы, Марқакөл көлінің ұзындығы – 39 шақырым болса, ені – 19 шақырым екен. Тереңдігі 17-27 метр аралығында көрінеді. Көл ұшқыш балығымен де əйгілі. Ел арасында оны майқан деп те атайды. Жас зерттеушілер осы аймақта өсетін таушымылдық (марьин корень) гүлін де көзбен көріп, жағдайына қанықты. Қазір бұл гүл жыл сайын азайып, сиреп бара жатыр. Осы гүлдің түбіндегі құртқа қызыққандардың қатары əлі де қалың. Сондай-ақ экспедиция мүшелері ауыл тұрғындарымен əңгімелесіп, өздерін қызықтырған сауалдарын қойды.
Кері қайтар кезде автобус жүргізушілері Аягөз қаласындағы №3 мектептің 8-сынып оқушысы Ернұр Чинтаевтың қолындағы балықты байқап қалғаны.
- Əкем-ау, анау өлген балықты қайтесің? Оны қайдан алдың? - деді автобус жүргізушісі Сайран ағай.
- Көлден тауып алдым. Барған соң, осы сапарымыз туралы жоба қорғаймыз. Соған керек, - дейді Ернұрымыз. Өзі өлген балығын целлофанға орап жатыр.
- Ойбой-ау, Өскеменге жеткенше ана балығың иісі шығып, сасып кетпей ме? Күн болса мынау, шыжып тұр. Автобустың ішін сасытасың, таста, - дейді автобус жүргізуші.
- Жоқ, тастамаймын, маған керек, - дейді Ернұрымыз шыр-пыр болып.
Ақыры, екі жүргізуші жабылып жүріп, Ернұрды балықты тастауға көндірді-ау. Мұны бақылап тұрған мен баланың қылығына іштей риза болдым. Бұл да болсын ізденіс қой.
- Мені «Марқакөл өңірінің экологиялық проблемасы қатты толғандырады. Көл қоқысқа толып, ластанып барады екен. Шишаның сынықтарын, конькидің темірін тауып алдым. Сосын екі өлген балықты көзім шалды. Балықтар неге өледі, зерттеу керек, - дейді Ернұр үлкен кісілерше ой түйіп.
Ал Семей қаласындағы «Білім-инновация» колледжінің 9-сынып оқушысы Бекарыс Мағауиянов «Жəндіктерге арналған ақылды ферма» атты жобасы туралы əңгімелеп берді.
- Кейде адамдар жəндіктерден жиіркеніп жатады. Бірақ олардың да жақсы жақтары бар. Мысалы субтропикалық аймақтарда өсетін черная львинка атты жəндікті алайық. Бұл жəндік протеинге өте бай. Оның 1 грамммындағы протеин бір күнде елу адамның ағзасына қажетті протеиннің орнын толтырады, - дейді Бекарыс. Ол осы жəндіктерді өңдеп, ұнтақтап, Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығындағы жан-жануарлардың азықтық рационына дəрумен ретінде пайдалануға болатынын айтады. Осынау жаңашыл идея қолдау тапса, Бекарыс террариум ашып, черная львинка жəндіктерін көбейтуге де дайын. Черная львинканың қазақша атауы жоқ. Менің анам биолог. Сол кісі қаншама адамын, ғалымдардан сұрап, таппай қойды, - дейді Бекарыс.
Аягөздік жасөспірім қыз Айша Ахметова да белсенділігімен, білімпаздығымен көзге түсті. Айша қыз Марқакөл өңірі туралы көп ақпарат жинап, қуанып қайтты.
- Маған бұл экспедиция өте ұнады. Біріншіден, көп достар таптым. Екіншіден, туған жеріміздің ғажайып, сұлу екендігіне көзім жетті, - дейді Айша.
Туристік экспедициялық жасақтардың «Менің Отаным - Қазақстан» облыстық слеті Таулы Үлбідегі «Дарын» лагерінде жалғасын тапты.
Мұнда оқушылар мəдени-тарихи құндылықтарды зерттеу экспедициясы бойынша «Топтың визит карточкасы» байқауына, «Шығыс Қазақстан облысы туристік бағытының үздік жобасы» ізденіс-зерттеу жұмыстарының жобалары байқауына, «TerraIncognita» тəжірибелік-бағыттау кезеңіне, «Туған өлке» экологиясы таныстырылымын қорғау кезеңіне, «Экологиялық соқпақ» байқауына, «Аралас туризм» кросс жорығына, «Шығыс Қазақстанның тарихы мен мəдениетінің лабиринті» өлкенің тарихи жəне мəдени нысандарын білуге арналған квестке жəне «Мəдени-тарихи құндылықтарды зерттеу нəтижесі бойынша экспедицияның қорытынды есебі» таныстырылымы байқауларына конкурстарына қатысты.
Аталған облыстық слеттің жеңімпаздары туристік экспедициялық жасақтардың «Менің Отаным - Қазақстан» республикалық слетіне қатысатын болады.
Мейрамтай Иманғали
http://didar-gazeti.kz/8409-zhas-zhrekterge-ot-zhaan-slet.html