Балалар мен жасөспірімдердің туристік экспедициялық жасақтары аймақтың тарихи жерін барлауда. Өлкетануды дамытып, оқушылар бойында туристік дағдылар мен икемділікті, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейтін ауқымды шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. «Менің Отаным - Қазақстан» атты облыстық слетіне биыл 200 бала қатысты.
Облыстық слетке жолдама алғандар көп ішінен суырылып шыққан үздіктер. Мектепшілік іріктеу кезеңіне аймақ бойынша 7-10 сыныптарының 43500 оқушысы қамтылған. Аудандық, қалалық айналымға олардың 16 мыңы жолдама алыпты. Солардың 200-і ғана сыннан сүрінбей өтіп, слетке жолдама ұтқан. Солардың бірі – Ілияс Серғазин «білім қоржыным еселеніп, ұмытылмастай әсер алдым» дейді.
ІЛИЯС СЕРҒАЗИН, ТУРИСТІК СЛЕТКЕ ҚАТЫСУШЫ: «Бұл слет маған өте ерекше әсер етті. Және де көптеген достар, көптеген жаңа адамдармен танысып жатырмын. Бұл слеттің басты мақсатын айта кетсем, бұл – ШҚО көне тарихи-мәдени ескерткіштерге толы мәдени орындарға сапар шегіп және оларға ғылыми зерттеулік жұмыстар жүргізу болып табылады. Слет аясында ШҚ-дағы көрікті, әдемі жерлерге куә болып отырмыз». Балалар үшін бұл экспедицияның маңызы зор. Бұрын болмаған жерлерді аралап, достар табу бала жадында тәтті естеліктер болып қалары анық. 9 күнге созылатын слет аясында оқушылар Катонқарағай ауданындағы Берел қорғаны, Ұлттық парк, Рахман қайнары сияқты киелі мекендерге барады. Омарташылар мен марал шаруашылығымен танысады.
СЫРЫМ КӘУКЕНОВ, ТУРИСТІК СЛЕТКЕ ҚАТЫСУШЫ: «Мен осы Тарбағатайдан аудандық жобаларды қорғап, осы экспедицияға – облыстық слетқа өттім. Бұл жобада мен әртүрлі қызықты достар таптым. Және де «Менің Отаным – Қазақстан» слетінлде ШҚ-ның түрлі беделді жерлерін – Берел қорғанын, Шілікті, әртүрлі қорымдарды біліп-тану өзіме өте қызық болып саналады. Осы өзімнің Тарбағатай ауданына барғандықтан, туризм туралы өзімнің достарыммен бөлісіп, ары қарай осы жобаны дамытып, көркейтуге үлес қосамын Шығыс Қазақстанның туризміне». Экспедиция мүшелері Марқакөл мен Семей маңына да ат басын бұрады.
ДІЛНАЗ БАЖАЕВА, ТУРИСТІК СЛЕТКЕ ҚАТЫСУШЫ: «Тарихи-мәдени жерлерді аралаған соң, экспедицияны қорытындылаймыз. Әрқайсысымыз ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасаймыз. Осы слетке дейін көбіміз осындай керемет жерлер бар екенін білген де жоқпыз. Енді, міне, туған жеріміздің тарих мен мәдени құндылықтарға соншалық бай екеніне көзіміз жетіп жаты». Слет аясында оқушылар түрлі танымдық байқауларда бақ сынайды. Сонымен қатар квест, кросс жорығы сияқты жастар үшін қызықты шаралар легі жоспарланып отыр.
http://oskementv.kz/kz/news/society/menin-otanym-kazakstan-3#