«Білімге бастар жол» зияткерлік марафонының алауы биыл Өскеменде жағылды. Екінші жылы жалғасын тапқан білім бәсекесіне қатысуға талаптанған бүлдіршіндер облыстың түкпір-түкпірінен №47 орта мектепте жиналды.
Қатысушылардың дені – өңір мектептерінің 1-2-сыныптарында білім алып жүрген оқушылар, мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілерері және ерекше білім алатын балдырғындар. Ұзын саны 200-ге жуық.
Сайыс талабы бойынша үміткерлердің 18 тобы білім жолындағы 15 бекетке тоқтап, білім қабілеттерін көрсетеді. Мәселен «Таныстыру» бекетінде өздері туралы мағлұмат берсе, «Театр» бекетінде өнерлерін ортаға салады. Мұнан әрі «Әдебиет», «Discovery», «Шығармашылық», «Квест» және «Спорттық» деп жалғаса беретін бекеттер арасында «Рухани жаңғыру» атты бекет те бар екен.
- Мен «Балбөбек» тобынанмын. Біз мектепке кіргенде «Микки Маус» қарсы алды. Қатты қуандық. Жаңа ғана сүрет салдық. Маған сайыс ұнайды, - дейді «Күншуақ»балабақшасының намысын қорғап жүрген Жансая.
- Республикалық зияткерлік марафонының Шығыс өлкесінде, оның ішінде біздің білім ошағымызда ту көтеріп жатқаны үлкен мәртебе. Бүгін кішкентай білгірлер өздері үшін үлкен жаңалық ашады. Барлығының еңбегін, талабын елеп-екшейміз. Қалай болғандад да, баланың бетінен қақпай, белін буатын халықпыз ғой. Жалпы бұл сайыстың балақайлардың ой-қабылетін дамытуға, ортасын танып-білуіне, қалыптасуына тигізетін пайдасы зор, - дейді Өскемендегі №47 мектептің директоры Жанат Айтбаева.
- Марафонға қатысушы 200-ге жуық жас талапкер әр жақтан келген, әртүрлі мүмкіндік деңгейіндегі балалар. Бүгін олардың барлығы бірдей бағаланып, бірдей сыйсияпатқа ие болады. Озара жікті сезінбейді балақайлар. Шараның көздеген мақсаты да осында жатыр. Игі істің жылдам бастау алып кетуіне ықпал еткен атымтай азаматтар көп болды. Соған ерекше қуандық, - дейді «UCMAS» зияткерлік даму халықаралық академиясының нұсқаушысы Балғын Бақытбекқызы.
Шығыста алауын жаққан зияткерлік марафон әрі қарай Кереку өңіріне жол тартпақ. Солайша кезек-кезегімен барлық облысты шарлай келе, 12 мамырда ел астанасына жетеді.
Ал Өскемендегі марафонның қорытындысы бойынша сайысқа қатысқан балалардың барлығы бірдей атаулы жүлделермен марапатталып, тәтті сый-сияпатқа ие болды.