Облыстық форум аясында ұйымдастырылған көрмеде оқушылар тың жобаларын көпшілік назарына ұсынды. «Екінші өмір», «Ғажайып ағаш», «Табиғат тағдыры – менің тағдырым» атты композициялары арқылы олар өзекті мәселенің шешу жолдарын жеткізуге тырысқан. Дәстүрлі «Менің Отаным – Қазақстан» облыстық форумы биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен байланыстырылды. Себебі туған жерін сүйетін әр адам табиғатын да аялай білгені лазым. Облыстың түкпір-түкпірінен келген 23 оқушы өлкетанушы, эколог және натуралист ретіндегі жобаларын дайындай келіпті. Әрқайсысының өз айтары бар. Бесқарағайдан келген бұл оқушыларды аудан орталығындағы асфальт зауытынан шығатын түтіннің зардабы толғандырады екен. Сондықтан олар қалдықтарды өңдейтін зауыт салуды ұсынып отыр. Тың идеяның тууына Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі себеп болыпты. «Технологияны кәдеге жарату арқылы табиғат-ананы қорғау – мақсатымыз», – дейді. Аяулым Мұқатаева, оқушы: – Егер осы зауытты қорғап шықсақ, ауданымызға, басқа жерлерге көп пайдасы болады. Қазіргі кезде ондай жоба Қытай, Корея сияқты мемлекеттерде бар. Ал бізде әлі құрылған жоқ. Зыряндық фотограф Роман Письминның туындылары да көз тартады. 12 жасар өренді Бұқтырманың келбеті шабыттандырады. Ең алғаш үйінде өсіп тұрған гүлді объектив нысанасына алыпты, кейін әкесімен бірге табиғат аясын шарлауды әдетке айналдырған. Роман Письмин, оқушы: – Мен табиғатты, жануарларды қатты жақсы көремін. Әсіресе қыс пен күз мезгілі ұнайды. Бір күні әкем екеуміз саңырауқұлақ теруге бардық. Сол кезде ұзын құйрықты сарышұнақты байқап қалып, қашып кетпей тұрғанда суретке түсіріп алдық. Балалардың қиялы шындыққа айналса, адамзат табиғаттың құшағында тербеле берер еді. Аягөзден келген Ардақ пен Асланның «Ғажайып ағаш» атты туындысы көпшілікті тәнті етті. Жанды және жансыз заттарды үйлестіре жасалған композиция алақандағы жер бейнесімен қорытындыланған. Демек, жерді аяласақ, шарапатын көреріміз анық. Ардақ Омаров, оқушы: – Бұл ғимарат ішінде көп орын алмайтын гүлдермен қамтамасыз етеді. Бірыңғай орналасқан түрлі-түсті гүлдер көпшілік көзіне тартымды көрініп қоймай, ғимарат ауасын тазарту үшін қажет. Форум аясында оқушыларға арнайы шеберлік сабақтары ұсынылды. Бастысы балалар отанға деген сүйіспеншіліктің табиғатты аялаудан көрініс табатынын түсінді.
Мерей Мұратханқызы, Дмитрий Пыхтин
http://24.kz/kz/zha-aly-tar/lt-zhospary/item/196988-shy-ys-aza-standa-zhas-ekologtar-bas-osty