+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Областной интеллектуальный конкурс «Leader»
Облыстық «Дидар» газеті 2017 жылдың 12 қаңтардағы 4(17399) нөмірі "Жеңімпаздар республикалық ОЛИМПИАДАҒА ЖОЛДАМА алды"
13 Янв, 06:19

5-7 қаңтар аралығында облыстық білім басқармасы Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық "Дарын" орталығымен бірлесе өткізген 15 пәннен республикалық  олимпиаданың облыстық кезеңі өз мәресіне жетті.

Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне қалалық және аудандық кезеңдердің жеңімпаз оқушылары қатысты. өңіріміздің әр ауданынан жиналған 730 қатысушы 15 пәннен білім деңгейлерін сынады. Жас дарындардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, оқушылардың теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын тереңдету, республикалық және халықаралық олимпиадаларға іріктеп дайындау мақсатында өткізілген олимпиада қатысушыларының жұмыстарын өңіріміздегі үздік жоғары оқу орындарының ғалымдары, профессорлар мен ғылым докторларынан құралған қазылар алқасы бағалады.

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатта екі күн қатарынан өңіріміздің жас білімпаздары жоғары деңгейлі тапсырмалардың шығару жолдарын тауып, университет зертханасында тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізді. Екі айналымның нәтижесі бойынша 305 қатысушы жүлдегер атанды: I дәрежелі дипломмен - 68, II дәрежелі дипломмен - 78, III дәрежелі дипломмен - 159 оқушы марапатталды. Олимпиадаға барлығы 4 қаладан, 15 ауданнан және 7 мамандандырылған білім мекемесінен 28 мектеп командасы қатысты. Қатысушылар саны ең көп командалар Семей қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырыдлған қазақ- түрік лицейі (42 оқушы) мен Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік лицейі (42 оқушы), аудандар көш бастаған Зайсан (31 оқушы) мен Жарма (31 оқушы) аудандары болды.

"Үздік олимпиадалық команда-2017" аталымы бойынша I дәрежелі дипломмен және жеңімпаз кубогымен Семей қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік лицейінің командасы және Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ- түрік лицейінің командасы, II дәрежелі дипломмен Өскемен қаласының командасы мен Семей қаласының командасы, III дәрежелі дипломмен Күршім ауданының командасы марапатталды.

"Үздік ауылдық мектеп" номинациясында Зайсан ауданындағы М.Ломоносов атындағы орта мектеп, "Үздік қалалық мектеп" Өскемен қаласындағы №10 мектеп-гимназия мен Семей қаласындағы №6 гимназия, "Үздік ауылдық оқушы" Глубокое ауданындағы Уваров орта мектебінің 10-сынып оқушысы Альмира Абзалбекова (қазақ тілі мен әдебиеті), "Олимпиаданың жаңа жұлдызы" Көкпекті ауданындағы Амангелді орта мектебінің 10 сынып оқушысы Арай Мақымет (қазақ тілі мен әдебиеті) жеңіс тұғырынан көрінді. Семей қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік лицейінің 8- сынып оқушысы Расұл Мағауин (физика) өз бәсекелестерінен жас айырмашылығына қарамастан жеңімпаз атанып, "Ең жас қатысушы" атанды.

- Ғылым мен білім елімізге бедел мен әлемдік танымалдылық әкеледі, Мемлекеттің болашағы мәдени құндылықтарын  қалыптастыратын - жастар. Мұның бәрі - инновациялық әлеует, әлемдік интеграциялық үдерістердің маңызды құрамдас бөлігі. Еліміздің жарқын болашағы білімді жастардың қолында. Жеңімпаздарды, олардың ата-аналары мен мұғалімдерін шын жүректен құттықтай отырып, алда өтетін республикалық білім сайысында облысымыздың намысын лайықты қорғайды деп сенеміз,- деді олимпиада жеңімпаздарын құттықтаған "Дарын" орталығының директоры Жанат Айтпаева.

Жоғары ұпай жинаған жүлдегерлер жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша Павлодарда және қоғмдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша Ақтау қаласында өтетін олимпиаданың республикалық кезеңіне жолдама алды.

                                                                                            Айжанат Бақытқызы