1 - желтоқсан - Тұңғыш Президент күні «Мәңгілік ел - болашаққа ұмтылған ел» атты өңір белсенділері мен көшбасшыларының облыстық сайысы өтті. Екі күнге созылған байқауға 15 қала, ауданнан 300-ге тарта дарынды оқушылар қатысып, өз мектебінің намысын қорғады.
Төрт кезеңнен тұрған бұл сайыстың алғашқы кезеңінде қатысушылар бүкіл қараша айы бойы «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына - 25 игі іс» акциясы аясында соғыс, еңбек ардагерлеріне, жалғызбасты қариялардың үйіне отын-суын тасып, мешіттердің ауласын қардан тазартып, мүгедек балаларға сыйлықтар тарту етіп, қамқорлықтары мен мейірімді істерге толы бейнероликтерін жолдаған еді. Ал 2,3 - кезеңдерде дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы гимназия-интернатында «Менің Отаным - Қазақстан» викторинасы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудың тиімділігін арттыру» пікірсайысында бақ сынасты.
«Ата-баба аңсаған Мәңгілік Ел» тақырыбындағы шешуші кезеңге қатысушылар тыңғылықты дайындықпен келіпті. Металлургтер мәдениет сарайы көрермендерге лық толды. Бұл турда қатысушы командалар еліміздің тәуелсіздік алуы жолындағы азапты жылдары мен жетістіктерін 5-7 минуттық театрландырылған қойылым арқылы көрсетуі тиіс болды. Әрине, кемінде 5-7 томға жүк боларлық қаймана қазақтың талайлы тағдырын азғана уақытта баяндап беру мүмкін емес. Дегенмен, образға еніп, рөлдерін лайықты сомдап шыққан қатысушылар еліміздің бүгінге дейінгі шежіресін көрсетіп, жалынды жырларымен халыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.
Қазақ хандығының негізін салушы - Керей мен Жәнібек хандар, Төле, Әйтеке, Қазыбек билерден бастап, Шоқан, Абай, Ыбырай, Сұлтанмахмұт, Әлихан, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Бейімбет, Смағұл Сәдуақасов, берідегі Әлия мен Мәншүк өмірін бейнелеген, Дегелең қасіреті, кешегі Желтоқсан оқиғасын паш еткен қойылымдар шынайылығымен ерекшеленді. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Зайсан ауданының командасы, 1- орынды Шемонайха, 2 - орынды «Восток» ғылыми орталық кешені, дарынды балаларға арналған физика-математика мектебі, Жамбыл атындағы мектеп- гимназия, Назарбаев зияткерлік мектебі, Глубокое ауданының командасы мен облыстық мамандандырылған математика, физика, информатика мектебі, 3 - орынды дарынды балалардың облыстық мектеп-лицейі, Зырян, Аягөз аудандарының командалары иеленді. Ал Семей, Риддер қалалары мен Жарма, Қатонқарағай, Тарбағатай, Бородулиха, Көкпекті, Глубокое, Үржар, Күршім, Абай аудандарының командалары жекелеген номинациялар бойынша жеңіске жетті.
Сайысқа үлкен әзірлікпен келген барлық оқушылар мен ұстаздарға алғысымыз шексіз. Рухымызды көтеріп, жігерлендірген бұл сайыста жеңілген команда жоқ. Өйткені, дайындық барысында тарихты зерделеп, қазақ шежіресінен көп мағлұмат алдыңдар. Білім мен ғылымның алмайтын асуы жоқ. Тәуелсіздігіміздің көк байрағы сендердің қолдарыңда желбіресін, - деген облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова жеңімпаздарды дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Дәруен Аллабергенұлы
Мейрамтай Иманғали
Айжанат Бақытқызы
Раушан Нұғманбекова
http://didar-gazeti.kz/5815-elbasymen-brge-tarihi-tabystara-ol-zhetkzdk.html