Жуықта Алматы қаласында өзін-өзі тану пәні бойынша республикалық олимпиада өтіп, Шығыс өңірінің намысын қорғап барған төрт бірдей дарынды оқушымыз олжамен оралды.
«Бөбек» ұлттық ғылыми-тәжірибелік білім беру және сауықтыру орталығында өткен білім сайысына Қазақстанның 14 қаласынан 7-9 сынып аралығындағы 80 оқушы қатысты. Талантты балаларға бай Шығыстың намысын облыстық кезеңнің жеңімпаздары лайықты қорғап, барлығы олжалы оралды.
- Республиканың түкпір-түкпірінен ең үздік оқушылар келген бұл олимпиадада қатысушылар «Шындыққа махаббатпен қызмет ету», «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста», «Өзіңді бақылауға үйрен»,«Жүректі мейірімділікке ашыңыз», «Адамзатқа қажет болу» сынды адамдар арасындағы қарым-қатынас құндылығы, адамзат өмірінің үйлесімділігі жайында түрлі тақырыптарда эссе жазып талқылады,- дейді «Дарын» Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық орталығының директоры Ж. Айтпаева.
Ендеше, II дәрежелі дипломмен марапатталған Өскемен қаласындағы облыстық математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейінің 8- сынып оқушысы Симона Созаева, Үржар ауданы, Кішкенетау орта мектебінің оқушысы Ләззат Сарқыт, III дәрежелі дипломға ие болған Өскемендегі қазақ-түрік лицейінің 8-сынып оқушысы Ербұлан Әшімбаев, №35 орта мектептің 9- сынып оқушысы Әсемгүл Зарытқанованы жеңістерімен құттықтаймыз!
А. Бақытқызы