+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Robotek
Облыстық «Дидар» газеті №131 (17371) 03 қараша 2016 ж., «20 оқушы іріктеу кезеңіне жолдама алды», Айжанат Бақытқызы
07 Ноя, 05:55

Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының ұйымдастырумен 11-сынып оқушылары арасында өткен жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерден Президенттік олимпиаданың өңірлік кезеңі өз мәресіне жетті.

Өңіріміздегі дарынды балаларды анықтау, жаратылыстану- математика бағытындағы пәндерді оқуға оқушылардың қызығушылықтарын арттыру және олардың кәсіби бағыт-бағдарларын қалыптастыру мақсатында өткізілген бұл олимпиадаға өңіріміздің түкпір-түкпірінен іріктелген 83 оқушы бақ сынасты.

Облыстық математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейдің базасында өткізілген олимпиадаға қатысушылардың жұмысын С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің, Назарбаев зияткерлік мектебі мен «Нұрорда» мектеп-лицейінің ғалымдары мен үздік оқытушылары бағалады.

Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының директоры Жанат Айтпаеваның сөзіне қарағанда, бұл білім сайысында ең жоғары ұпай жинап, үздік шыққан 20 дарынды оқушымыз республикалық Президенттік олимпиаданың іріктеу кезеңіне қатысады. Іріктеу кезеңі 11-қарашада екі турмен өтеді. Бұл кезеңде оқушылардың білімі қашықтықтан тексеріліп, сол күні шығармашылық байқауда эссе жазады. Ал бұл сынақтан сүрінбей өткен үздіктер 23-26 қарашада Теміртау қаласында өтетін республикалық Президеннтік олимпиадаға қатысуға жолдама алады.

Айжанат Бақытқызы