Жыл басында «Жол картасы» жобасы аясында облыстық білім басқармасы мен Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданының білім бөлімі арасында өзара ынтымақтастық туралы арнайы меморандумға қол қойылған болатын. Сол меморандум аясында таяуда өңірімізге көрші мемлекеттен арнайы делегацич келді. Үш күндік сапармен келген қытайлық делегация Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясына да барып, білім беру үрдісімен танысты.
Аталған мектеп ұжымы көрші мемлекеттен келген қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Домбыра шанағынан күмбірлеп төгілген күй мен шашылған шашу бұл мектептің тек білім ордасы ғана емес, қазақы тәлім-тәрбиенің бесігі екенін де білдіргендей. Табалдырықтан имене аттаған қонақтарға мектеп директоры Нуркен Акимов жылы шырай танытып, білім шаңырағының тарихын қысқаша баяндап берді.
Мұнан кейін меймандар мектеп ұстаздары мен оқушылары әзірлеген «Абай Зере әжесінің тәрбиесінде» атты шағын театрландырылған көріністі тамашалады.
Қонақтар сондай-ақ, ұлттық нақыштағы қолөнер көрмесімен танысып, Қанипа Бітібаева атындағы әдістемелік зертхана мен ұлағатты ұстаз атындағы облыстық педагогикалық мұражайға саяхат жасады. «Ғылым таппай мақтанба» атты мектеп-гимназия оқушыларының ғылыми жұмыстар көрмесі де қытайлық делегация мүшелеріне үлкен әсер сыйлайды.
- Қазақ еліне келгенде озық мәдениеттермен, білім беру орталықтарындағы балаларды тәрбиелеу жетістіктермен танысамыз, көреміз деп келгенбіз. Шынымды айтсам, ойлағанымыздан да асып кетті. Сіздерде оқушылардың жан-жақты дамуына, балалардың даралық ерекшеліктерін сәулелендіруге ерекше мән беріледі екен. Бұл енді үйренуге тұрарлық дүние деп ойлаймын. Біздің елімізде де «сапа ағарту» деген ағарту болады. Сапа ағарту дегеніміз - оқушыларды жанжақты дамыту деген сөз. Меніңше, нағыз сапа ағарту деген сіздерде екен, - деді бізге берген сұхбатында Жеменей ауданы білім бөлімі қызметкері Қанат Нығымет.
Осы арада 13 адамнан тұратын қытайлық делегацияның 9-ы 11-12 жас аралығындағы оқушылар екенін де айта кеткеніміз жөн. Солардың бірі - Жеменейдегі бастауыш сынып оқушысы, қандасымыз Дидар Қалтай. Оқушы қызбен бір ауыз тілдескенімізде ол Қазақстанға келгеніне қуанышты екенін, алған әсерінің өте мол екенін жеткізді.
- Дарынды оқушыларды тәрбиелеп, өмірге үлкен азамат етіп шығарып жатқан мектебімізге ат басын тіреп, арнайы келіп отырған Қытай жерінде жүрген ағайындарымызға алғысымыз шексіз. Шетелде жүрген бауырларымыз - біздің баға жетпес бай қазынамыз. Жырақта жүрген қандастырымыз өте ұлтжанды, аса дәстүршіл келеді. Олардың бойында ұлттық рух пен патриоттық сезімнің өте жоғары екенін байқадық, - дейді дарынды балаларға арналған облыстық Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия директорының инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасары Бақытгүл Ауғанбаева.
Аймаққа үш күндік сапармен келген шетелдік қонақтар сондай-ақ, қаланың көрікті жерлерін аралап, Өскемендегі Н. Назарбаев атындағы зияткерлік мектеп пен ШҚМУ-дегі «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығына да ат басын тіреді. Сонымен қатар, олар облыстық драма театрында болып, «Қара шекпен» спектаклін тамашалады.