«ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық кезеңін өткізу ережесі

І. Жалпы ережелер

1. «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық кезеңінің (бұдан әрі — Зияткерлік сайыс) жеңімпаздарын ұйымдастыру және өткізу тәртібін, ұйымдастыру-әдістемелік қамтамасыз етуді, қатысу тәртібін және айқындауды анықтайды.

2. Зияткерлік сайыстың облыстық кезеңін ұйымдастырушылары Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан  ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі — «Дарын» ШҚ ДпҚББДҒӘО) болып табылады.

3. Іріктеудің мақсаты:

1) оқушылардың оқу әрекетін ынталандыру;

2) жоғары интеллектуалдық қабілеті бар, дайындығы жақсы әрі дарынды оқушыларды іріктеу және қолдау;

3) Қазақстан Республикасының интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруға жәрдемдесу.

4. Іріктеуге Қазақстан Республикасының барлық типтегі және меншік нысандағы білім беру ұйымдарының 11 сынып оқушылары қатысады.

5. Зияткерлік сайыс үш кезеңнен тұрады:

— аудандық/қалалық кезең – қазан айы;

— облыстық кезең — ағымдағы жылдың 21 қарашасы;

— қорытынды (республикалық) кезең — 2026 жылдың ақпан — наурыз айларында.

6. Аудандық/қалалық кезеңнің тапсырмаларын аудандық/қалалық және облыстық мамандандырылған мектептер ұйымдастырады.

7. Облыстық кезеңге арналған тапсырмаларды Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы мен «Дарын» ШҚ ДпҚББДҒӘО әзірлейді.

ІІ. Іріктеуді ұйымдастыру

8. Аудандық/қалалық және облыстық өткізу үшін зияткерлік сайысты үйлестіруді, ұйымдастыру-техникалық және әдістемелік қамтамасыз ету жұмыстарын жүзеге асыру ұйымдастыру комитеті (бұдан әрі — Ұйымдастыру комитеті) құрылады.

9. Ұйымдастыру комитеті барлық кезеңдердің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етеді.

10. Зияткерлік сайыс кезеңдерінің нәтижелері бойынша апелляция қарастырылмаған.

ІІІ. Аудандық/қалалық іріктеу кезеңі

11. Облыстың аудан/қаласында орналасқан білім беру ұйымдарының 11 сынып оқушылары арасында өткізіледі. Аудандық/қалалық іріктеу кезеңі ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін өткізіледі.

12. Аудандық/қалалық іріктеу кезеңіне 11 сыныптан кемінде 25 оқушы және жалпы саны 100-ден аспайтын оқушы қатыса алады.

13. Аудандық/қалалық іріктеу кезең тестілеуден тұрады әр аудан қалалық білім бөлімдері әзірлеген тапсырмаларды орындау арқылы жазбаша жұмыс түрінде өткізіледі.

Тестілеу уақыты — 45 минут.

14. Аудандық/қалалық кезеңінің нәтижелері бойынша қатысушылардың рейтингі жасалады. Іріктеу нәтижелері қорытындысы бойынша әр ауданнан облыстық кезеңге жіберілетін қатысушылар саны 3-тен аспауға тиіс.

15. Аудандық/қалалық кезеңінің нәтижелері Ұйымдастыру комитетінің төрағасы бекітетін хаттамамен рәсімделеді.

IV. Облыстық іріктеу кезеңі

16. Облыстық кезеңі ағымдағы жылдың 21 қарашасында аудандық/қалалық кезеңнен өткен 11 сынып оқушылары арасында өткізіледі.

17. Зияткерлік сайыс екі айналымда өтеді:

І айналым — тестілеу;

ІІ айналым — блиц-турнир.

Тестілеу уақыты — 75 минутты құрайды, тапсырмалар әртүрлі пәндер бойыша, жалпы білімге, логикаға, сондай-ақ түрлі салалардағы интеллектуалдық қабілеттерге, музыка, өнер және спорт бойынша тест сұрақтарын қамтиды. Жоғары ұпай жинаған қатысушы келесі блиц-турниріне (ауызша) өтеді.
Блиц-турнир кезеңінде оқушыларға жылдамдыққа  ұпай саны — 10, 20, 30, 40 және 50-ден тұратын «Өнер», «Спорт», «Тарихи тұлғалар», «Әлемге саяхат» атты 4 ұяшықтарды таңдап сұрақтарға жауап береді. Ұпай неғұрлым жоғары болса, сұрақ соғұрлым күрделі болады. Ең жоғары ұпай жинаған 5 қатысушы жеңімпаз атанады.

18. Зияткерлік сайыс кезінде оқушылардың тапсырманы орындау процесі бейнетрансляциямен сүйемелденеді.

19. Зияткерлік сайысқа қатысу арқылы қатысушы фото/бейне түсірілім мен жеке деректерді өңдеуге рұқсат береді. Облыстық кезеңінің нәтижелері Ұйымдастыру комитетінің төрағасы бекітетін хаттамамен рәсімделеді.

20. Облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша зияткерлік сайыстан жоғары ұпай жинаған 5 қатысушы республикалық (қорытынды) кезеңіне жолдама алады.

VI. Қорытындылау және марапаттау

21. Облыстық кезеңнің жеңімпаздары I, II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталады және қатысушыларына сертификаттар табысталады.