Жалпы білім беретін ұйымдардың оқушылары арасында республикалық «Ілияс Жансүгіров оқулары» байқауының облыстық кезеңін өткізу ЕРЕЖЕСІ

1. Жалпы ереже

1.1.Осы ереже жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының арасында өткізілетін республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының облыстық кезеңінің (бұдан әрі – Жансүгіров оқулары) мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастырушылық қызметін, өткізу мен қаржыландыру тәртібін, қатысуын және жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау тәртібін айқындайды.

1.2. Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі –ДпҚББДШҚҒӘ«Дарын») ұйымдастырушылар болып табылады.

1.3. Облыстық жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары арасында өткізілетін Жансүгіров оқуларының мақсаты оқушылар арасында Жансүгіровтың шығармаларын насихаттау, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тума талант, табиғи дарындарын анықтау, олардың поэзияға деген құштарлығын арттыру, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге баулу, Ілиястің лирикалық, эпикалық, прозалық, драмалық шығармаларымен және фольклорлық, ғылыми-публицистикалық зерттеулерімен танысып, ол туралы өз ой пікірлерін ғылыми тұрғыда жеткізе білуге дағдыландыру.

1.4. Жансүгіров оқуларының міндеттері жас ақындарға әлеуметтік-рухани қолдау көрсетіп, шығармашылық жұмыс түрлерін жандандыру. Жас буынның тарихи танымдарын, демократияға және азаматтыққа бағдарланған дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, өмірлік айқындамаларын қалыптастыру.

2. Жансүгіров оқуларының қатысушылары

2.1. Жансүгіров оқуларына оқыту тіліне қарамастан, жалпы білім беретін мектептердің 7-11 сыныптарының аудандық, қалалық кезеңдердің жеңімпазы атанған оқушылары қатыса алады.

2.2. Әр аудан, қала және облыстық білім мекемелері облыстық кезеңге әр номинациядан 1 оқушы, барлығы 3 оқушыдан ұсынады.

3. Жансүгіров оқуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі

3.1. Жансүгіров оқуларына қатысатын оқушы поэзияны сүйетін, талдай білетін, ғылыми жұмысқа бейімі бар, өлеңді мәнерлеп, көркем оқи алатын, ақындық қабілеті бар (әр номинация талабына сай) болуы шарт. Жансүгіров оқуларына қатысушы жыр Құлагері атанған Ілиястың өмірбаянын, әр жанрдағы шығармаларын жақсы білуі тиіс және кез келген өлеңін, прозалық, драмалық шығармаларын теориялық тұрғыданда талдай білуі қажет. Сонымен бірге, талапкер өз шығармашылығын да көрсетеді.

3.2. Жансүгіров оқулары үш номинация бойынша өткізіледі.

3.2.1. «Ілияс – эпик ақын» номинациясында ақын Ілияс Жансүгіровтің поэмаларын жатқа айту (қатысушылар жатқа оқитын поэмаларының тізімін қазылар алқасына алдын-ала тапсыруы керек, ұсынған тізімнен 1 поэманы толық жатқа айтады).

Бағалау критерийі:

  •  жаттаған поэманың көлемі;
  •  образға енуі;
  •  оқуы мен мәнері;
  •  мүдірмей жатқа айтуы мен образды ашуы;
  •  сахналық мәдениеті, өзін-өзі ұстауы.

3.2.2. «Сұлу сөздің сүлейі» номинациясында қатысушы Ілияс Жансүгіровтың жаттаған өлеңдерінің ішінен (ұсынылған тізімінен қазылар алқасының сұрауымен) бір өлеңін жатқа немесе прозалық, драмалық шығармаларын мәнерлеп оқиды немесе үзінді орындайды.

Бағалау критерийі:

  •  көркем сөз мәнерлігі, сөйлеу әуені;
  •  интонация, дауыс кідірісі;
  •  жаттаған өлеңдер саны;
  •  ұсынған шығарманың көлемі;
  •  сөйлеу мәдениеті, сахнада өзін-өзі ұстауы.

3.2.3. «Ағынды менің – Ақсуым» номинациясында қатысушылар ақынға арнап жазған өздерінің шығармалар жинағын (кітапша) алдын-ала қазылар алқасына тапсыруы керек. Қазылар алқасының ұсынуымен 1-2 өлеңін жатқа, мәнерлеп оқиды.

Бағалау критерийі:

  •  ерекше ұйқасы мен құрылымы;
  •  өзіндік идеясы мен ой тереңдігі;
  •  көркем оқуы, сөз мәнері мен мазмұны;
  •  дауыс интонациясын сақтауы;
  •  сахналық мәдениеті, сахнада өзін-өзі ұстауы.

3.3. Жансүгіров оқулары 3 кезеңде өткізіледі:

        1-кезең – аудандық, қалалық;

        2-кезең – облыстық (а.ж. 5 наурызы);

        3-кезең – республикалық (а.ж. мамыры).

Облыстық кезеңнен әр бағыт бойынша бірінші орын алған оқушылар байқаудың республикалық кезеңіне қатысады.

3.4. Жансүгіров оқуларының өткізу барысын қадағалау және ұйымдастыру жұмысының дайындығын іске асыру үшін облыстық ұйымдастыру комитеті құрылады.

3.5. Ұйымдастыру комитеті Жансүгіров оқуларының қорытынды кезеңінің өткізілу орнын белгілеп, дайындық жұмыстарын жүргізуде тікелей басшылық етеді, қазылар алқасының құрамын, іс-шараның өткізу бағдарламасын, қатысушылардың тізімін бекітіп, жеңімпаздарды марапаттайды.

3.6. Қазылар алқасының құрамы жоғарғы оқу орнының ғалымдарынан және аға оқытушыларынан, облыстық орталықтардың қызметкерлерінен, жазушы журналистерден тұрады.

3.7. Қазылар алқасы:

— қатысушыларды білімі мен өнерін бағалаудың өлшемдерін бекітеді, талдау жасайды және 10 ұпайлық жүйемен бағалайды;

— қатысушылардың білімі мен өнерін бағалаудағы даулы мәселелерді талқылайды және қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізеді;

— жеңімпаздарды  анықтайды және жүлделі орындарды бөледі.

3.8. Жансүгіров оқуларының облыстық кезеңі 2025 жылдың 5 наурызында Өскемен қаласында өткізіледі. Облыстық кезеңге қатысу үшін сұранысты ұйымдастыру комитетіне 2025 жылдың 21 ақпанына дейін konkurs.vko@mail.ru электронды поштасына жіберу қажет.

Сұраныс үлгісі:

Оқушының аты-жөніҚаласы, ауданыМектебіСыныбыБағытыӘлеуметтік статусыДайындаған мұғалімнің аты-жөні (толығымен), жұмыс орны, байланыс телефоны
        

4. Қорытындылау және марапаттау

4.1. Жансүгіров оқуларының жеңімпаздары әр бағыт бойынша І, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталады. Барлық қатысушыларға сертификат беріледі.

5. Жансүгіров оқуларын қаржыландыру

5.1. Жансүгіров оқуларын қаржыландыру бекітілген сметаға сәйкес ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығы есебінен жүзеге асырылады.

5.2. Облыстық кезеңге қатысушылар мен жетекшілердің іссапар шығындары (келу-қайту жолы, жататын орны мен тамақтануы) жіберуші жақ есебінен төленеді.