2025 жылдың 1-2 қазан аралығында Шығыс Қазақстан облысының дарынды оқушылары, оқу озаттары мен белсенділері «Әділетті қоғам: саяси қағидаттар және құндылықтар жүйесі» атты екі күндік онлайн семинар-тренингке қатысты.
Семинар-тренинг Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының ұйымдастыруымен өткізілді.
Семинар-тренингтің мақсаты – жастардың саяси-құқықтық сауаттылығын арттырып, саяси қағидаттарын терең меңгеруге және оларды болашақ кәсіби әрі азаматтық өмірде тиімді қолдануға бағыттау. Жас буынның азаматтық белсенділігін оятып, әділетті қоғам құру жолындағы көзқарастарын қалыптастыру.
Семинар бағдарламасында әділеттілік тұжырымдамасы, заманауи саяси модельдер, сондай ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық құжаттары мен халыққа арнаған Жолдауларының негізгі бағыттары қамтылды. Сонымен қатар, азаматтық белсенділікті арттыру, сыни ойлау, жобалық және коммуникативтік дағдыларды дамытуға баса назар аударылды.
Практикалық бөлімде оқушылар топтық жұмыс пен пікірталасқа қатысып, алған білімдерін нақты мысалдар арқылы бекітіп, әділетті қоғам құру жолындағы өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Семинар-тренингтің қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.