Математика, физика, химия және информатика пәндерінен XXXII халықаралық «Туймаада» олимпиадасының қорытындысы

2025 жылғы 2-10 шілде аралығында Саха республикасының Якутск қаласында М.А. Алексеев атындағы математика, физика, химия және информатика пәндерінен оқушылардың XXXII халықаралық «Туймаада» олимпиадасы өтті.

Олимпиаданың негізгі мақсаты мен міндеттері оқушылар мен жастардың зияткерлік әлеуетін дамытуды ынталандыру, іргелі ғылымдармен айналысуға тарту, халықаралық ынтымақтастық пен қарым-қатынас нысандарын кеңейту болып табылады.

Олимпиадаға Ресей, Индонезия, Иран, Қазақстан және Өзбекстан елдерінен  155 дарынды оқушы қатысты. Жарыс оффлайн және онлайн форматта өтті. Шығыс Қазақстан облысының оқушылары онлайн форматта қатысты.

Олимпиада қорытындысы бойынша информатика пәнінен ІІ дәрежелі дипломмен және күміс медальмен Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінің 9 сынып оқушысы Амангелді Алдияр марапатталды.

Химия пәнінен III дәрежелі дипломмен және қола медальмен Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінің 9 сынып оқушысы Қыдырмоллаұлы Нұрмұхаммед марапатталды.

Саха Республикасы Білім және ғылым министрлігінің (Якутия) грамотасымен Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінің 9 сынып оқушысы Юсупов Саят марапатталды.

Халықаралық олимпиаданың жүлдегерлерін, олардың ата-аналары мен тәлімгерлерін жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта табыстар мен жеңістер тілейміз!