Оқушылар арасындағы республикалық пікірсайыс турнирінің облыстық кезеңін өткізу ережелері

1. Жалпы ережелер

1.1. Оқушылар арасындағы республикалық пікірсайыс турнирінің облыстық кезеңін (бұдан әрі – Турнир) өткізу ережелері оның мақсатын, міндеттерін, оны өткізу және қаржыландыру тәртібін анықтайды.

1.2. Ережеде қолданылатын ұғымдар:

1) бэллот – ойын қорытындылары жазылған төреші парағы;

2) кейс – шешімді талап ететін нақты фактілерге негізделген проблемалық жағдайдың сипаттамасы;

3) клэш – салыстырудағы екі ойдың қақтығысы;

4) POI – қарсылас команда спикерінің сұрағы, түсініктемесі, пікірі, түсіндіру туралы өтініші;

5) ребатл – қарсыластың сөздерін теріске шығару, қарсы дәлелдер мен деректер келтіру;

6) резолюция – дебаттағы пікірталас мәселелерінің негізгі тақырыптары;

7) тайм-кипер – бұл спикерлердің сөз сөйлеу уақытын белгілей отырып, ойын ережесінің сақталуын қадағалайтын адам;

8) tabbycat – барлық ірі халықаралық жарыстарда, оның ішінде әлем және Еуропа чемпионаттарында қолданылатын жеребе тарту құралы, көп функционалдылығы мен қолданушылар үшін ыңғайлы болуы арқылы аналогтарынан асып түседі;

9) фидбэк – дебат раунды бойынша төреші шешімінің логикасын спикерлерге түсіндіру;

10) флоушит – ойын барысында төреші толтыратын спикердің ақпараты туралы парақ.

1.3. Турнирдің мақсаты: білім алушылардың бойында азаматтық ұстанымды, өзінің және қоғам алдында өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілікті қалыптастыру, елде байқалатын өзекті жағдайларды талдау және жариялы талқылау арқылы шығармашылық және сыни ойлау қабілетін дамыту.

1.4. Турнирдің міндеттері:

1) жалпы мәдени ой-өрісін кеңейту, білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында академиялық білім деңгейін көтеру,  шешендік сөйлеу өнері дағдыларын және сендіру әдістерін қалыптастыру, зияткерлік, шығармашылық қабілеттерін, зерттеу, ұйымдастыру дағдыларын, коммуникативтік біліктерін дамыту;

2) қазақстандық қоғамда орын алған өзекті мәселелі жағдайларды талдау мен көпшілік алдында талқылау арқылы білім алушылардың позитивті, сыни ойлауын, жүйелі талдау дағдыларын, өз көзқарастарын, нақты мәселелерді шешу жолдары мен тетіктерін табу, дәлелдеме жасау өнерін қалыптастыру, парламенттік мәдениет элементтерін дамыту;

3) білім алушылардың демократиялық қоғамдағы азаматтық көзқарастары мен өмір сүру дағдыларын қалыптастыру, отансүйгіштік сезімін тәрбиелеу, туған өлкенің, елдің мәселелерін талқылау және шешудегі жауапкершілік, қатысушылық сезімін қалыптастыру;

4) педагогтерді балалар мен жастарды өзекті қоғамдық саяси тақырыптарды талқылауға тарту, азаматтық көзқарастарын дамыту және конструктивті диалог пен пікірталасты жүргізу мәдениетін қалыптастыру жұмыстарын жандандыру;

1.5. Оқушылар арасындағы республикалық пікірсайыс турнирінің облыстық кезеңін Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасының «Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы» (бұдан әрі – ДпҚББДШҚҒӘ «Дарын» орталығы) күндізгі (офлайн) форматта өткізеді.

1.6. ДпҚББДШҚҒӘ «Дарын» орталығы ұйымдастыру комитетінің және төрешілер құрамын қалыптастырады, Турнирді өткізеді және қорытындысын шығарады.

2. Турнир кезеңдерін өткізу уақыты мен орны

2.1. Турнир 2025 жылғы 17 мамырда Өскемен қаласында өткізіледі.

2.2. Аудандық, қалалық білім бөлімдері басшыларының, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп директорларының қолы қойылған байқауға қатысу туралы өтінім 2025 жылдың 5 мамырға дейін konkurs.vko@mail.ru электрондық поштасына қабылданады.

3. Турнирге қатысушылар

3.1. Турнир екі кезеңде өткізіледі:

1) бірінші кезең – мектепішілік Турнир

2) екінші кезең – аудандық (қалалық):

3) үшінші кезең – облыстық кезең.

3.2. Турнирдің іріктеу кезеңдерін өткізу уақыты мен орны мектеп директорларының, аудандық (қалалық) білім бөлімдері басшыларының, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп директорларының бұйрықтарымен реттеледі.

3.3. Мектепішілік турнирдің жеңімпаз командалары аудандық (қалалық) турнирлерге қатысады. Облыстық турнирлерге аудандық (қалалық) турнирлердің жеңімпаздары – жалпы орта білім беру ұйымдарының 9-10 сынып оқушылары қатысады.

3.4. Турнирге әр ауданнан (қаладан), облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерден – 9 оқушы: қазақ тілінде – 3 адам; орыс тілінде – 3 адам; ағылшын тілінде – 3 адам.

3.5. Команданың әрбір қатысушысы іс-шара өтетін жерге барар жолда, оны өткізу кезінде және тұрғылықты жеріне қайтар жолда өз заттарының сақталуына жауапты болады.

3.6. Турнир өтетін жерге барар жолда, іс-шараны өткізу кезінде және тұратын жеріне қайтар жолда білім алушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі үшін жауапкершілік топ жетекшісіне жүктеледі.

3.7. Топ жетекшісінде келесі құжаттар болуы керек:

1) білім алушыларды Турнирге қатысуға жіберу және топ жетекшісіне жауапкершілік жүктеу туралы білім бөлімі басшысы, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп директорлары бұйрығының көшірмесі;

2) Турнирге қатысуға берілген өтінімі.

4. Турнирді өткізу тәртібі

4.1. Турнирдің аудандық (қалалық) кезеңдерін өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеттері осы Ережеге сәйкес турнирлерді өткізу шарттары мен тәртібін дербес айқындайды.

4.2. 9-10-сыныптардың білім алушылары үшін Турнир кезеңдері дүниежүзілік мектеп форматы (WSDC) (қысқартылған түрде) бойынша өткізіледі (2-қосымша).

4.3. Турнир екі айналымда өткізіледі. Бірінші айналым – іріктеу раундтары. Екінші айналым – негізгі ойындар: ширек финал, жартылай финал және финал.

Іріктеу ойындары 4 раундтан құралады. Әр раундқа бір қарар беріледі. Іріктеу ойындарында қарсылас командалар tabbycat арнайы бағдарламасы бойынша іріктеледі.

Іріктеу ойындарының төртінші раунды аяқталғаннан кейін негізгі ойындарға дайындық жүргізіледі. Ол үшін әр команданың төрт раундтағы нәтижелері жазылады, ұпайлардың жалпы саны есептеледі және оларды қосу арқылы пікірталасқа қатысушылардың әрқайсының дәрежелері анықталады. Жалпы нәтижесі жиынтық ведомосіне енгізіледі. Іріктеу ойындарының нәтижелері жарияланғаннан кейін ширек финалға шыққан командалар анықталады. Ширек финалға әр тіл тобы бойынша іріктеу кезеңінің жеңімпаздары шығады.

Ширек Финалда командаларға бір қарар беріледі. Ширек финалдың қорытындысы бойынша жартылай финалға әр тіл тобы бойынша жеңімпаз командалар шығады. Жартылай финалдың жеңімпаздары финалда кездеседі.

4.4. Командалардың тақ саны келген жағдайда, жеребе бойынша бір команда «демалады». Өткізілген раунд үшін демалған команда командалық балл мен орташа спикерлік балды автоматты түрде алады.

4.5. Төрешілікті пікірсайыс клубтарының тәжірибелі дебатерлері арасынан төрешілер алқасы жүзеге асырады. Төрешілер алқасы турнирдің бас төрешісін сайлайды. Турнир бас төрешісінің пікірсайыс нәтижелеріне қатысты шешімі қалған төрешілердің нәтижелерімен бірдей ескеріледі. Турнир кестесін Бас төреші жасайды.

4.6. Турнирдің Бас төрешісінің қарауы бойынша әр раунд үшін төрешілер алқасы бір немесе үш адамнан құрылады.

Олардың біреуі бас төреші болып анықталады, ол Ережеге сәйкес пікірсайысқа қатысушыларды сахнаға шақырады, наразылық туралы мәлімдемелерді қарайды, спикерлерді өз орындарын алуға шақырады және бір тайм-киперді анықтайды. Тайм-кипер дебатқа қатысушылардың сөз сөйлеуге бөлінген уақытты қалай қолданатынын қадағалайды.

4.7. Тайм-кипердің міндеттері:

презентациялық немесе конструктивті сөйлеудің бірінші минуты өткеннен кейін және оның аяқталуына бір минут қалғанда үстелді ұрып тоқтату, тиісінше сөйлеушіге сұрақтар қою немесе түсініктемелер беру мүмкіндігінің пайда болуы/жоғалуы туралы сигнал беру;

сөз сөйлеушілерге олардың қанша минут сөйлеп тұрғанын/сөйлеуге қанша уақыт қалғанын (саусақпен немесе белгімен) көрсетеді. Бұл мәселелер туралы ойынды бастамас бұрын пікірсайысшылардың өздерімен келіскен дұрыс;

үстелді екі рет ұру арқылы сөз сөйлеуші қатысушының сөзіне бөлінген уақыт өткені туралы белгі береді;

егер қатысушы уақыт лимитінен 30 секундтан асып кетсе, төрешіге хабарлайды. Төреші оның репликаларын жазуды тоқтатады және сөйлеушіні сөзін аяқтауға және өз орнына орналасуына шақырады;

әрбір сөз сөйлеу аяқталғаннан кейін төрешілерге жаңа ғана сөз сөйлеген пікірсайысшының сөзіне бөлінген уақыт лимитінен қаншалықты минут асып кеткенін / толық пайдаланылмағанын хабарлайды.

4.8. Бас төреші раундтың 15 минуттан кейін басталатынын хабарлайды. Барлығы тақтаға қарап отырады. Экранда раундтың қарары көрсетіледі. Хабарландырудан кейін ойыншылар қарарды түсініп, істі ойластырып, жақсы дәлелдер дайындауы керек, басқа командалар не айтатынын болжап, бәрін біртұтас етіп біріктіруі керек.

4.9. Ойыншылар үшін ақпараттың жалғыз көзі – серіктесі және өздерімен бірге әкелген кез-келген жазбаша материалдар. Ойын барысында интернеттен ақпарат іздеуге және жалпы электронды құрылғыларды пайдалануға рұқсат берілмейді.

4.10. Турнир кезінде әр төреші балл мен түсініктемелерді төрешінің парағына енгізеді (3-қосымша). Төреші раундтың жалғыз және өкілетті төрешісі және оның шешімі түпкілікті болып табылады.

Егер турнирде төрешілер алқасы 3 төрешіден құралса, бұл жағдайда олар өз шешімдерін 15 минут ішінде бір-бірімен талқылайды, ал төрешілердің көпшілігі дауыс берген командаға жеңіс беріледі.

4.11. Пікірсайыстар аяқталғаннан кейін төрешілер пікірсайыстарға жалпы баға береді, қабылданған шешімді түсіндіреді және жақсарту қажет болатын сәттерді көрсетеді.

4.12. Төрешілік өлшемдері:

1) өзектілігі;

2) дәлелденуі;

3) маңыздылығы;

4) шынайылығы.

4.13. Жеңімпаздар командалық және жеке спикерлік сынақтарда анықталады. Жеке раундта жеңіске жеткені үшін команда 1 ұпай, жеңілгені үшін – 0 ұпай алады.

Спикерлік баяндамалар 1-ден 30-ға дейін бағаланады.

Балл саны бойынша әр жас санатындағы тілдік топтар бойынша турнирдің үздік спикері анықталады.

4.14. Турнирді ұйымдастырушылар кабинеттерге барып, ойын барысын бақылайды. Әр тур аяқталғаннан кейін бас төреші командаларды келесі турға бөледі, қарарларды жариялайды және қатысушыларды бір кабинеттен екіншісіне ауыстырады.

4.15. Төрешілердің шешімі жарияланғаннан кейін командалар келесі ойындарда ескерілетін пікірлерін қалдыра алады.

5. Қатысушыларды марапаттау

5.1. Турнир қорытындысы бойынша төрешілер алқасы жеңімпаздарды анықтайды. Жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталады. Турнир қатысушыларына сертификаттар беріледі.

Сонымен қатар, «Үздік спикер», «Үздік оратор», «Дебаттық креатив», «Ең сенімді ойыншы», «Ең білімді ойыншы», «Ең тапқыр ойыншы», «Ең мақсаты айқын ойыншы» номинациялары бойынша турнирдің үздік қатысушылары дипломдармен марапатталады.

6. Турнирді қаржыландыру

6.1. Конкурсты қаржыландыруды ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығы бекітілген сметаға сәйкес жүзеге асырады.

6.2. Турнирге қатысушылардың іс-шара өткізілетін жерге бару және кері қайту жол ақысы, жолдағы тамақтануы жіберуші тараптың есебінен төленеді.

Топ жетекшісінің іссапар шығыстары – жіберуші тараптың есебінен.

Анықтама телефоны: 8(7232) 75-26-91.