2025 жылдың 21-24 сәуірі аралығында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы қазақ тілі мен әдебиетінен Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы республикалық олимпиаданы өткізді. Биылғы олимпиада Қанипа Омарғалиқызының 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 9-11 сынып оқушыларының білімдерін тереңдету және жетілдіру, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында республиканың білім беру ұйымдарының 200-ге жуық дарынды оқушысы жиналды.
Олимпиада дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернат базасында өтті. Олимпиаданың республикалық кезеңі эссе жазу мен сұрақтарға ауызша жауап беруді қамтитын екі айналымнан тұрды.
Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 83 жеңімпаз бен жүлдегер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен (I орын – 15 оқушы, II орын – 24 оқушы, III орын – 44 оқушы), Оқу-ағарту министрлігінің «Ерекше жетістіктері үшін» грамотасымен 40 оқушы марапатталды.
Республикалық олимпиадаға Шығыс Қазақстан облысынан 12 оқушы қатысып, облысымыздың қоржыны 7 орынмен толықты (І орын – 1 оқушы, ІІ орын – 2, ІІІ орын – 4).
Сонымен қатар, үш жүлдегерге ректордың білім гранттары табыс етілді. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ректорының білім гранты дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 11 сынып оқушысы Идаятов Расулға, Қазақстан-Американдық еркін университетінің білім гранты Марқакөл ауданы, Қалжыр орта мектебінің 11 сынып оқушысы Дулатқызы Жайнаға және Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетінің гранты Абай облысы, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 11 сынып оқушысы Амангелдинова Айсуға берілді.
Бітібаевтар әулеті атынан және Хан апаның шәкірттері ерекше көзге түскен қатысушыларға ақшалай сыйлықтар табыстады.
Мәдени-танымдық бағдарлама аясында қатысушылар мен жетекшілер облыстық драма және оперетта театрында өткен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымын тамашалап, мәдениет және демалыс саябағына экскурсия жасап, тимбилдингке қатысты.
Жетекшілер үшін Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде «Заманауи білім беруде Қанипа Бітібаеваның инновациялық технологиясы мен педагогикалық тағылымы» атты шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймыз! Сәттіліктер мен жоғары жетістіктер тілейміз!