«Дене шынықтыру» пәні бойынша оқушылар Олимпиадасын өткізу туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

    1.1. Осы Ереже «Дене шынықтыру» пәні бойынша негізгі орта білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын барлық білім беру ұйымдарының «Дене шынықтыру» пәні бойынша оқушылар Олимпиадасының (бұдан әрі – Олимпиада) мақсаттары мен міндеттерін айқындайды.

    1.2. Олимпиаданың негізгі мақсаты – орта білім беру ұйымдарының білім алушыларында «Дене шынықтыру» пәні бойынша білім, тәсіл және дағдылардың қалыптасу деңгейін анықтау.

    Олимпиаданың міндеттері:

    1) «Дене шынықтыру» пәнінің білім беру бағдарламасын зерделеу шеңберінде білім алушылардың білімін, іскерлігі мен дағдыларын арттыру;

    2) білім алушылардың салауатты өмір салтына деген ұмтылысын тәрбиелеу;

    3) дене тәрбиесі арқылы білім алушылардың коммуникативтік дағдыларын жетілдіру;

    4) теориялық білім мен практикалық дағдыларды тереңдету шығармашылық қабілеттерін дамыту;

    5) жеке тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыруына жәрдемдесу;

    6) жалпы білім беретін ұйымдарда дене шынықтыру мен спортты дамыту деңгейін арттыру.

    2. Олимпиада кезеңдері

    2.1. Олимпиаданы білім беру ұйымдары екі кезеңде өткізеді. Білім беру ұйымдары ұйымдастыру комитеттерін құрады: аудандық/қалалық, облыстық.

    Кезеңдер:

    1) бірінші кезең – аудандық/қалалық.

    Аудандық/қалалық кезеңді 2025 жылғы 30 сәуірге дейін аудандық/қалалық білім бөлімдері өткізеді;

    2) екінші кезең – облыстық.

    2025 жылғы  13-15 мамыр аралығында Шығыс Қазақстан облысы білім басқарамасының дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі – Орталық) өткізеді.

    Теориялық тапсырмаларды аудандық/қалалық білім бөлімдері дербес құрастырады, ал тәжірибелік тапсырмалар Ережеде көрсетілген байқаудың барлық кезеңдеріне ортақ болып табылады.

    Екінші кезеңнің тест түріндегі теориялық тапсырмалары Орталықта әзірленеді.

    Барлық кезеңдердің тапсырмалары қоса берілген әдістемелік ұсынымдарға сәйкес бағаланады (қосымша №3).

    2025 жылдың 10 мамырына дейін аудандық/қалалық білім бөлімдері Олимпиадаға қатысушылардың жалпы тізімін қалыптастыру үшін сынып бойынша, оқыту тілдері бойынша қатысушылардың санын көрсете отырып, Орталыққа өтінімдер жібереді.

    Облыстық кезеңге қатыспайтын аудандар/қалалар негіздемесін көрсете отырып, жазбаша түрде Орталықты хабардар етуі тиіс.

    3. Олимпиадаға қатысушылар

    3.1. Олимпиадаға денсаулық жағдайы бойынша негізгі медициналық топқа жататын жалпы білім беретін мектептердің 5-6, 7-8 сынып оқушылары, «Дене шынықтыру» пәні бойынша Олимпиаданың екінші кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысады.

    Облыстық кезеңге қатысушылар аудандық/қалалық құрама командалары болып қатысады.

    Олимпиада теориялық және практикалық бөлім бойынша екі жас тобында өткізіледі:

    1 — топ – 5-6 сыныптар – 10 оқушы (5 ұл бала, 5 қыз бала);

    2 — топ – 7-8 сыныптар – 10 оқушы (5 ұл бала, 5 қыз бала).

    Облыстық деңгейдегі Олимпиадаға қатысушыларға әр аудан/қала бірдей спорттық форма мен логотиптің болуы ұсынылады.    

    3.2. Олимпиадаға қатысушы білім алушылармен бірге жүретін жауапты тұлғалар іс — шараны өткізу орнына, оны өткізу кезінде және тұрғылықты жеріне қайту жолында қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

    4. Облыстық кезеңнің жұмыс органдары

    Олимпиаданы дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру жұмысын үйлестіру және жүзеге асыру үшін Орталықпен Олимпиаданың ұйымдастыру комитетінің құрамы бекітіледі.

    Олимпиаданы ұйымдастыру және өткізу бойынша жалпы басшылықты Ұйымдастыру комитеті жүзеге асырады.

    4.1. Олимпиаданың Ұйымдастыру комитеті:

    1) Олимпиаданы оның барлық кезеңдерінде өткізудің жалпы тәртібін айқындайды;

    2) тікелей басшылықты жүзеге асырады;

    3) дене шынықтыру бойынша оқушылардың пәндік Олимпиадасын өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдарды басшылыққа алады;

    4) Олимпиада қорытындыларын талдайды және жинақтайды, бұйрық жобаларын және Олимпиаданың қорытынды шешімін дайындауға қатысады;

    5) Олимпиада материалдарын БАҚ және әлеуметтік желілерде, сондай-ақ Орталықтың сайтында жариялайды.

    4.2. Олимпиаданың бірінші — екінші кезеңдеріне басшылықты жүзеге асыру үшін аудандық/қалалық ұйымдастыру комитеттері құрылады. Олардың құрамын білім бөлімдері бекітеді.

    4.3. Орталық әзірлейді:

    1) Олимпиаданың екінші кезеңінің теориялық және практикалық тапсырмалары мазмұнының түпкілікті нұсқасын;

    2) Олимпиаданың барлық кезеңдерін өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдарды;

    3) тапсырмалардың түрлері және бағалау критерийлері.

    4.4. Орталық жауапты:

    1) ұсынылатын тапсырмалардың ғылыми-әдістемелік деңгейіне, олардың Олимпиаданың осы кезеңінің талаптарына сәйкестігі және дұрыстығына;

    2) Олимпиаданы өткізгенге дейінгі тапсырмалардың құпиялылығына (турлардың саны мен бағыты, турдың ұзақтығы, қажетті жабдықтардың тізбесі), тапсырмалардың орындалуын бағалау критерийлері бойынша ұсыныстарға жауапты.

    5. Олимпиаданың төрешілер алқасы

    5.1. Төрешілер алқасы жарыс кезінде әділеттілік пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді орындайды, нәтижелерді анықтауда, қағидалардың орындалуын бағалауда және даулы жағдайларды шешуде шешуші рөл атқарады.

    5.2. Төрешілер алқасының негізгі функциялары:

    — Олимпиада ережесінің сақталуын қамтамасыз ету;

    — жаттығулардың орындалуын бағалау;

    — даулы жағдайларды шешу;

    — тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау;

    — ресми шешімді ұсыну.

    5.3. Жұмыстың негізгі принциптері:

    — тәуелсіздік;

    — объективтілік; 

    — әділдік;

    — кәсіпқойлық;

    — алқалылық.

    5.4. Олимпиаданың төрешілер алқасының құрамына бас төреші, бас  хатшы және төрешілер алқасының мүшелері кіреді.

    Олимпиаданың бас төрешісі мен төрешінің алқасының құрамын Орталық бекітеді.

    Олимпиадалардың алдыңғы кезеңдеріндегі төрешілер алқасының төрағасы мен мүшелері төрешілер алқасының құрамына кіруге құқығы жоқ.

    Аудандық/қалалық кезеңінің төрешілер алқасы құрамына тәжірибелі педагогтер мен әдіскерлер («педагог — сарапшы» біліктілік деңгейінен төмен емес), білім бөлімдерінің өкілдері, сондай-ақ колледж оқытушылары енгізілуі мүмкін.

    Төрешілер алқасының құрамына оқушылары Олимпиаданың барлық кезеңдеріне қатысатын педагогтерді қосуға тыйым салынады.

    5.5. Олимпиаданың төрешілер алқасы жеңімпаздарды анықтайды және ұйымдастыру комитетіне иеленген орындар туралы ақпаратты береді.

    6. Қатысу үшін өтінім беру тәртібі

    6.1. Аудандық/қалалық білім бөлімдері 2025 жылғы 10 мамырға дейін Олимпиадаға қатысушылардың жалпы тізімін қалыптастыру үшін Орталықтың электрондық поштасына (vk_ocfk@mail.ru) сыныптар, оқыту тілі бойынша қатысушылардың санын көрсете отырып, өтінімдер жібереді.

    6.2. Жарысқа қатысу үшін командалардың өкілдері мандаттық комиссияға мынадай құжаттарды ұсынады:

    — медицина қызметкері, білім бөлімі қол қойған және жіберілетін ұйымның мөрімен расталған команданың ілеспе тұлғасын көрсете отырып, 1-қосымшаға сәйкес жарысқа қатысуға өтінім;

    — аудандық/қалалық білім бөлімінің басшысының қатысушылардың тізімі мен жауапты тұлға көрсетілген бұйрығы;

    — Олимпиадаға қатысушының туу туралы куәлігі (түпнұсқа, көшірме);

    — 2-қосымшаға сәйкес мектеп директорының қолымен және мөрімен расталған қатысушының жеке карточкасы.

    6.3. Мандаттық комиссия 2025 жылғы 13 мамыр күні Олимпиаданы өткізу орнында өтеді.

    6.4. Жоғарыда көрсетілген құжаттардың біреуі болмаған немесе уақытылы берілмеген жағдайда команда жарыстарға қатысуға жіберілмейді.

    7. Жеңімпаздарды анықтау

    7.1. Олимпиада үш жүлделі орынды анықтайтын командалық біріншілік ретінде, тапсырмалардың теориялық және практикалық бөлімінде ұпайлар саны бойынша ұлдар мен қыздар арасында жеке түрде өткізіледі.

    7.2. Жалпы қорытындылау кезінде команданың теориялық және практикалық бөлімдерде жинаған ұпайларының саны жинақталады. Жеңімпаз жүлдегерлер жинаған ұпайларының ең көп сомасы бойынша анықталады.

    7.3. Бірнеше қатысушылар мен командалардың ұпайлары тең болған жағдайда жеңімпаз практикалық конкурстың басымдығына сәйкес айқындалады.   

    8. Олимпиадаға қатысушыларды марапаттау

    8.1. Олимпиаданың аудандық/қалалық кезеңдерінің жүлдегерлері білім бөлімдерінің дипломдарымен, грамоталарымен марапатталады.

    8.2. Облыстық Олимпиадада 1, 2, 3 — орындарға ие болған қатысушылар медальдармен, кубоктармен және Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасының 1,2,3 дәрежедегі дипломдарымен марапатталады.

    8.3. Жүлделі орындарға ие болған командаларды сәтті дайындағаны үшін команда бапкерлері Орталықтың алғыс хатымен марапатталады.

    9. Қаржылық шығындар

    9.1. Олимпиаданың екінші кезеңін (облыстық) қаржыландыруды бекітілген сметаға сәйкес Орталық жүзге асырады.

    9.2. Команда мүшелерінің, бапкерлерінің, іссапар шығындары (екі бағытқа жол жүруі), жарыс күндері күнделікті жәрдемақысы (тамақтану, тұру) жіберуші тараптан өтеледі.