2025 жылғы қаңтар мен мамыр аралығында дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы 7–8-сынып оқушыларына арналған физика, химия және математика пәндері бойынша олимпиадаға дайындық бойынша Бейіндік мектебі (бұдан әрі – Бейіндік мектеп) бағдарламасын сәтті іске асырды.
Бейіндік мектепке облыстың әртүрлі жалпы білім беретін мектептерінен 30-дан астам оқушы қатысты. Сабақтар апасына 2 сағат көлемінде өткізілді.
Бағдарлама аясында қатысушылардың білім деңгейін бағалауға және даму бағыттарын анықтауға мүмкіндік берген сынақтық олимпиадалар мен олардың тапсырмаларын талдау сабақтары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, өңірдегі жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, практикалық зертханалық сабақтар өткізілді.
Аралық және қорытынды білім сапасын бағалау нәтижесі бойынша барлық қатысушыларға облыстық олимпиадаларға квотадан тыс қатысу мүмкіндігі берілді.
Айта кету керек, Бейіндік мектептің қатысушылары жалпы білім беретін пәндер бойынша 7–8-сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде нәтиже көрсетіп, Бейіндік мектеп аясында жүргізілген дайындықтың тиімділігін дәлелдеді.
Бейіндік мектеп оқушылардың олимпиадалық әлеуетін ерте анықтап, дамытуға арналған тиімді платформа ретінде өз маңыздылығын көрсетті. 2025 жылғы бағдарлама нәтижелері бойынша келесі оқу жылында қатысушылар саны мен дайындық бағыттарын кеңейте отырып, Бейіндік мектептің жұмысын жалғастыру туралы шешім қабылданды.