8-11(12) сынып оқушыларына арналған шығармашыл оқушылар арасындағы «Ақберен» республикалық өнер байқауының облыстық кезеңінің ережесі

I. Жалпы ережелер

    1. Осы Ереже шығармашыл оқушылар арасындағы «Ақберен» республикалық өнер байқауының  облыстық кезеңінің (бұдан әрі – Байқау) мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастырушылық — әдістемелік қызметінің қамтамасыздандырылуын, өткізу мен қаржыландыру тәртібін, қатысуын және жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау тәртібін белгілейді.

    2. ШҚО білім басқармасы, дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік– «Дарын» орталығы (бұдан әрі – ДпҚББДШҚҒӘ «Дарын») болып табылады.

    3. Байқаудың мақсаты мен міндеті: 8-11(12) сыныптың шығармашыл оқушыларының гуманитарлық-эстетикалық ғылымдар саласында кәсіптік қызметін таңдауда шығармашылық қабілетін, өлең жазуын, тапқырлық қырын, дарынын танытуға қолдау көрсетіп, ары қарай дамуына жол ашу.

    II. Қатысушылар

    1. Байқауға облыстағы жалпы білім беретін мектептердің 8-11(12) сыныптарындағы шығармашыл оқушылар 6 номинация бойынша қатысып, аудандық, қалалық кезеңде жеңімпаз атанған 6 оқушы (әр номонацияға – 1 оқушы) қатыса алады.

    III. Ұйымдастыру және өткізу тәртібі

    1. Байқау үш кезеңнен тұрады:

    I кезең – аудандық;

    II кезең – облыстық;

    III  кезең – республикалық.

    2. Байқау 6 номинация бойынша өтеді:

    1) Шешендік, білгірлік сайысы;

    2) Көркемсөз оқу;

    3) Эссе жазу;

    4) Ұлттық аспапта өнер көрсету;

    5) Ақындар айтысы;

    6) Ақындар мүшәйрасы.

    3. Байқауды өткізу барысын қадағалау және ұйымдастыру жұмысының дайындығын іске асыру үшін облыстық ұйымдастыру комитеті құрылады.

    • Ұйымдастыру комитеті Байқаудың қорытынды кезеңінің өткізілу орнын белгілеп, дайындық жұмыстарын жүргізуге тікелей басшылық етеді. Қазылар алқасының құрамын, байқаудың өткізу бағдарламасын, қатысушылардың тізімін бекітіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттайды.
    • Қазылар алқасының құрамына жоғарғы оқу орындарының ғалымдары, білім беру ұйымдарының мамандары, қаламгерлер кіреді.
    •  Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін, шеберлігін, тапқырлығын 10 балдық жүйемен бағалайды, талдау жасайды, байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін сараптап, ұйымдастыру комитетіне тізімін ұсынады.
    • Аудандық, қалалық өздерінің іріктеу нәтижесінде ережеде көрсетілген әр номинация бойынша команда жасақтауы тиіс.

    8. Номинациялар бойынша сайыстарды өткізу тәртібі:       

    1) Шешендік, білгірлік сайысы номинациясы бойынша екі команда өкілі қазылар алқасы тарапынан қойылған сұрақтарға жауап береді (әр қатысушыға 3 сұрақтан беріледі). Сондай-ақ, қазылар тарапынан берілген тақырыпқа ой толғайды (сұраққа жауап беруді қосқанда әр қатысушыға барлығы  5-7 минут). Сұрақтар ішінде мақал-мәтелдер, жұмбақтар да болады. Жұмбақты шешу, мақал-мәтелдерді білу – білгірлікке қойылар талаптың бірі.

    2) Көркемсөз оқу номинациясы бойынша Байқауға қатысушы өзі таңдаған шығармадан үзінді оқиды (5-7 минут). Үзінділер белгілі жазушылардың, ақындардың, драматургтердің, яғни, көрнекті әдебиет классиктерінің шығармаларынан алынуы міндетті. Бір шығарма екінші рет қайталанбауы ескерілуі керек. Сондықтан, қатысушы кем дегенде үш шығармадан үзіндіге дайындалады. Өзінен бұрын оқылған шығарма болса, онда өзі дайындаған басқа шығарманы оқиды.

    3) Эссе жазу номинациясы бойынша қазылар алқасы тарапынан ұсынылған тақырыпқа эссе жазу (90 минут).

    4) Ұлттық аспапта өнер көрсету номинациясы бойынша өзі дайындаған бір шығарманы (ән, күй) ұлттық аспапта орындайды. Бір орындалған өнер туындысының екінші рет қайталанбауы ескерілуі керек. Сондықтан, қатысушы кем дегенде үш (ән, күй) өнер туындысына дайын келуі тиіс. Өзінен бұрын орындалған ән — күйді қайталамай, өзі дайындап келген басқа ән-күйді орындауы керек.

    5) Ақындар айтысы номинациясы бойынша оқушының ақындыққа бейімділігі, тапқырлығы, сөз көркемдігі, тақырыпты аша білуі, орындаушылық шеберлігі, суырып салмалық (импровизаторлық) қабілеті басты назарға алынады.

    6) Ақындар мүшәйрасы номинациясы бойынша әр қатысушы өз шығармашылығынан 3 (үш) өлеңді қазылар алқасына ұсынады. 1 (бір) өлеңді жатқа оқып береді. Қатысушыға белгілі бір тақырыпта 2 шумақтан тұратын өлең шығаруға 30 минут уақыт беріледі, шығарылған өлеңдерін қазылар алқасы жинап алып бағалайды.

    Ескерту: Өлеңнің көркемдігі, оқушының ақындық қабілеті ескеріледі. Кітапша түрінде, жинақ түрінде керек емес.

    IV. Бағалау критерийлері

    1. Байқаудың қатысушыларын бағалау қазылар алқасы мүшелері тарапынан жүргізіледі. Жүлдегерлер қазылар алқасының шешімімен анықталады.

    2. Жалпы бағалау 10 (он) ұпайлық жүйемен есептеледі. Ерекше өнер көрсеткен қатысушылар марапатталады. Соңынан есеп шығарылып, орындар анықталады.

    3. Шешендік, білгірлік сайысы номинациясы бойынша оқушының шешендік сөздердің тарихын, би-шешендердің мұрасын, мақал-мәтелдер мен жұмбақтарды жетік білуі, қойылған сұрақтарға дәл әрі нақты жауап беруі, дұрыс, қисынды, орынды сөйлеуі бағаланады. Қазылар тарапынан ұсынылған тақырыпқа шешендік ой толғауда шешендігі, бұрынғы шешендік дәстүрді тұтынуы назарға алынады. Шешендік сайыс бойынша ұсынылатын тақырыптар жыл сайын өзгертіліп ( 1-ші қосымшада) берілетін болады.

    4. Көркем сөз оқу номинациясы бойынша берілген шығарманы оқу мәнері бағаланады. Белгілі ақын-жазушылардың шығармаларын оқу талап етіледі. Ұлы Абайдың өлеңдері мен қарасөздері және Абай туралы көрнекті қаламгерлер шығармаларын қамту ескеріледі. Сондай-ақ, Республика, ЮНЕСКО көлемінде мерейтойлары тойлану үстіндегі қаламгерлер шығармашылығы да қамтылуы керек (А. Байтұрсынұлы, М. Әуезов, С. Шаймерденов). Бір шығарма екінші рет қайталап оқылмауы шарт. Ол үшін, осы номинация бойынша сайысқа түсетін оқушы екі-үш қаламгер шығармашылығынан дайындалып келуі керек.

    5. Эссе жазу номинациясы бойынша тақырыпты ашу тереңдігі, мазмұны, сауаттылығы, әдеби мәліметтерді орнымен пайдалануы бағаланады.

    6. Ұлттық аспапта ойнау номинациясы бойынша өнері мен орындау шеберлігі бағаланады. Әр қатысушы өзінен бұрын орындалған шығарманы қайталамауы шарт. Ол үшін осы номинация бойынша сайысқа түсетін оқушы екі-үш өнер туындысын дайындап келуі керек.

    7. Ақындар айтысы номинациясы бойынша суырыпсалмалық өнері, ой толғауы, жауап қайтаруы, тапқырлығы бағаланады.

    8. Ақындар мүшәйрасы номинациясы бойынша өлеңнің көркемдігі, тілі, мазмұны, поэтикалық ерекшелігі, қатысушының ақындық қабілеті мен талабы бағаланады.

    Байқаудың облыстық кезеңі 2025 жылдың 15 қазанында Өскемен қаласында өткізіледі. Облыстық кезеңге қатысу үшін сұранысты ережеге сай ұйымдастыру комитетіне 2025 жылдың 8 қазанына дейін konkurs.vko@mail.ru электронды поштасына жіберулеріңізді сұраймыз.

    Сұраныс үлгісі:

    #Оқушының аты-жөніҚаласы, ауданыМектебіСыныбыНоминациясы  Дайындаған мұғалімнің аты-жөні (толығымен), жұмыс орны, байланыс телефоны
           

    V. Қорытындылау және марапаттау

    5.1. Байқаудың жеңімпаздары әр бағыт бойынша Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының I, II, III дәрежелі дипломдарымен және ДпҚББДШҚҒӘ«Дарын» орталығының грамоталарымен марапатталады. Командалық 1, 2 және 3 орын алған топқа командалық дипломдар табысталады Барлық қатысушыларға қатысқаны үшін сертификаттар беріледі.

    VI. Байқауды қаржыландыру

    6.1. Байқауды қаржыландыру бекітілген сметаға сәйкес ДпҚББДШҚҒӘО «Дарын» орталығы есебінен жүзеге асырылады.

    6.2. Облыстық кезеңге қатысушылар мен жетекшілердің іссапар шығындары (келу — қайту жолы, жататын орны мен тамақтануы) жіберуші жақ есебінен төленеді.