Жалпы білім беретін ұйымдардың оқушылары арасында республикалық «М. Мақатаев оқулары» байқауының облыстық кезеңін өткізу ЕРЕЖЕСІ

1. Жалпы ереже

1.1.Осы ереже жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының арасында өткізілетін республикалық М. Мақатаев оқуларының облыстық кезеңінің (бұдан әрі – Мақатаев оқулары) мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастырушылық қызметін, өткізу мен қаржыландыру тәртібін, қатысуын және жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау тәртібін айқындайды.

1.2. Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі –ДпҚББДШҚҒӘ«Дарын») ұйымдастырушылар болып табылады.

1.3. Облыстық жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары арасында өткізілетін Мақатаев оқуларының мақсаты оқушылар арасында М. Мақатаевтың шығармаларын насихаттау, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тума талант, дарындарын анықтау, олардың поэзияға деген құштарлығын арттыру, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету, өз ой-пікірлерін ғылыми тұрғыда жеткізе білуін дамыту.

1.4. Мақатаев оқуларының міндеттері жас талапкер ақындарға  әлеуметтік-рухани қолдау көрсетіп, олармен шығармашылық жұмыс түрлерін жандандыру. Жас буынның тарихи танымдарын, демократияға және азаматтыққа бағдарланған дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, өмірге көзқарасын қалыптастыру.

2. Мақатаев оқуларының қатысушылары

2.1. Мақатаев оқуларына оқыту тіліне қарамастан, жалпы білім беретін мектептердің 7-11 сыныптарының аудандық, қалалық кезеңдердің жеңімпазы атанған оқушылары қатыса алады.

2.2. Әр аудан, қала және облыстық білім мекемелері облыстық кезеңге әр номинациядан 1 оқушы, барлығы 3 оқушыдан ұсынады.

3. Мақатаев оқуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі

3.1. Мақатаев оқуларына қатысатын оқушы поэзияны сүйетін, оны поэтикалық тұрғыда талдай білетін, ғылыми жұмысқа бейімі бар, өлеңді мәнерлеп, көркем оқи алатын қабілеті, әрі ақындық талабы бар аудандық, қалалық байқаулардың жүлдегерлері болулары шарт. Қатысушы үміткерлер ақиық ақын М. Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын, әрі өлеңдері мен поэмаларын мүмкіндігіенше жатқа білулері керек және кез келген өлеңін талдай алуы қажет. Сонымен бірге, талапкерлер өз шығармашылықтарын, қабілетін танытуы керек.

3.2. Мақатаев  оқуларының бағыттары:

3.2.1. «Айтып өткен ақында арман бар ма?» айдарында үміткер М. Мақатевтың шығармашылығынан жатқа білетін өлеңдерінің тізбесін (поэмадан басқа) әкеліп алдын-ала әділқазыларға ұсынады. Ұсынылған тізбеден әділқазылардың нұсқауымен кез-келген өлеңді жатқа оқиды. Қазылар тізім бойынша бірнеше өлеңді жатқа айтуын ұсынады. Үміткердің жатқа білетін өлеңдерінің  санына және мәнерлеп, көркем оқылуына баға қойылады. Егер әділқазылар ұсынған өлеңді үміткер жатқа айта алмаса, ұпайы кемиді.

Бағалау критерийі:

  •  жатқа айтуда сөйлеу мәнері және мәдениеті;
  •  жатқа білетін өлеңдер саны;
  •  сахналық мәдениеті.

3.2.2. «Жыр эстафетасы» айдарында үміткерлер «Аққулар ұйықтағанда»«Алтай — Атырау» және «Райымбек — Райымбек» поэмаларын  толық жатқа білуілері керек. Қатысушылар жеребе тарту арқылы жоғарыда көрсетілген поэмалар бойынша топқа бөлінеді, таңдауға түскен поэманы жатқа айту арқылы өзара сынға түседі.

Бағалау критерийі:

—  поэмадан үзіндіні жалғастыру шеберлігі;

  •  сөз мәнері, мүдірмей жатқа айтуы;
  •  дауыстың ашықтығы мен айқындығы;
  •  интонация, дауыс кідірісі;
  •  сахналық мәдениеті, өзін-өзі ұстауы.

3.2.3. «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды…» айдарында оқушы өз шығармашылығынан 3-5 шумақтан аспайтын бір өлеңін (кітапшасын  ұсынады) қазылардың ұсынуымен оқиды. Оқушы өз шығармасын оқуы шарт.

Бағалау критерийі:

  •  тақырыпқа сәйкестігі, жүйелілігі;
  •  көркем оқу мен мәнерлігі;
  •  ерекше ұйқасы мен құрылымы;
  •  дауыс интонациясын сақтауы;
  •  сөйлеу мәдениеті, сахнада өзін-өзі ұстауы.

3.3. Мақатаев оқулары 3 кезеңде өткізіледі:

        1-кезең – аудандық, қалалық;

        2-кезең – облыстық (а.ж. 5 наурызы);

        3-кезең – республикалық (а.ж. маусымы).

Облыстық кезеңнен әр бағыт бойынша бірінші орын алған оқушылар байқаудың республикалық кезеңіне қатысады.

3.4. Мақатаев оқуларының өткізу барысын қадағалау және ұйымдастыру жұмысының дайындығын іске асыру үшін облыстық ұйымдастыру комитеті құрылады.

3.5. Ұйымдастыру комитеті Мақатаев оқуларының қорытынды кезеңінің өткізілу орнын белгілеп, дайындық жұмыстарын жүргізуде тікелей басшылық етеді, қазылар алқасының құрамын, ісшараның өткізу бағдарламасын, қатысушылардың тізімін бекітіп, жеңімпаздарды марапаттайды.

3.6. Қазылар алқасының құрамы жоғарғы оқу орнының ғалымдарынан және аға оқытушыларынан, облыстық орталықтардың қызметкерлерінен, жазушы журналистерден тұрады.

3.7. Қазылар алқасы:

— қатысушыларды білімі мен өнерін бағалаудың өлшемдерін бекітеді, талдау жасайды және 10 балдық жүйемен бағалайды;

— қатысушылардың білімі мен өнерін бағалаудағы даулы мәселелерді талқылайды және қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізеді;

— жеңімпаздарды  анықтайды және жүлделі орындарды бөледі.

3.8. Мақатаев оқуларының облыстық кезеңі 2025 жылдың 5 наурызында Өскемен қаласында өткізіледі. Мақатаев оқуларына қатысу үшін қалалар мен аудандардың білім бөлімдері басшыларының, облыстық мамандандырылған мектептердің директорларының қолы қойылған өтінімді 2025 жылдың 21 ақпанына дейін konkurs.vko@mail.ru электронды поштасына жіберу қажет.

Сұраныс үлгісі:

Оқушының аты-жөніҚаласы, ауданыМектебіСыныбыБағытыӘлеуметтік статусыДайындаған мұғалімнің аты-жөні (толығымен), жұмыс орны, байланыс телефоны
        

4. Қорытындылау және марапаттау

4.1. Мақатаев оқуларының жеңімпаздары әр бағыт бойынша І, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталады. Барлық қатысушыларға сертификат беріледі.

5. Мақатаев оқуларын қаржыландыру

5.1. Мақатаев оқуларын қаржыландыру бекітілген сметаға сәйкес ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығы есебінен жүзеге асырылады.

5.2. Облыстық кезеңге қатысушылар мен жетекшілердің іс-сапар шығындары (келу — қайту жолы, жататын орны мен тамақтануы) жіберуші жақ есебінен төленеді.