1. Жалпы ереже
1.1. Осы ереже жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының арасында өткізілетін республикалық «Мағжан оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауының облыстық кезеңінің (бұдан әрі – Мағжан оқулары) мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастырушылық қызметін, өткізу мен қаржыландыру тәртібін, қатысуын және жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау тәртібін айқындайды.
1.2. Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі –ДпҚББДШҚҒӘ«Дарын») ұйымдастырушылар болып табылады.
1.3. Мағжан оқуларының мақсаты: Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңын жүзеге асыру аясында жалынды ақын Мағжан Жұмабаев мұрасын жас ұрпаққа насихаттау және ұлттық құндылықтарлы дәріптеу.
1.4. Міндеттері: өскелең ұрпаққа ақын өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен таныту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, елжандылыққа баулу, жаңа буынның зияткерлік пайым-парасатын арттыру, дарынды оқушыларға қолдау жасау.
2. Мағжан оқуларының қатысушылары
2.1. Мағжан оқуларына оқыту тіліне қарамастан, жалпы білім беретін мектептердің 7-11 сыныптарының аудандық, қалалық кезеңдердің жеңімпазы атанған оқушылары қатыса алады.
2.2. Әр аудан, қала және облыстық білім мекемелері облыстық кезеңге әр номинациядан 1 оқушы, барлығы 3 оқушыдан ұсынады.
3. Мағжан оқуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі
3.1. Мағжан оқулары үш номинация бойынша өткізіледі:
3.1.1. «Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім» номинациясы — Мағжан шығармаларын жатқа оқу байқауы (Қатысушы өзі жатқа білетін Мағжан шығармаларының тізімін байқау басталғанға дейін ұсынуы қажет) 1-қосымша.
3.1.2. «Жасынан оқу оқып, өнер қуған…» номинациясы — ғылыми жоба жұмысы (Мағжан Жұмабаевтың шығармалары бойынша зерттеу жұмыстары) 1, 2-қосымша.
3.1.3. «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» номинациясы — жас дарындар байқауы (өз шығармаларын орындау, қатысушы өз шығармаларының жинағын байқау басталғанға дейін тапсыруы тиіс) 1-қосымша.
3.2. Мағжан оқулары 3 кезеңде өткізіледі:
1-кезең – аудандық, қалалық;
2-кезең – облыстық (а.ж. 5 наурызы);
3-кезең – республикалық (а.ж. маусымы).
Облыстық кезеңнен әр бағыт бойынша бірінші орын алған оқушылар байқаудың республикалық кезеңіне қатысады.
3.3. Мағжан оқуларының өткізу барысын қадағалау және ұйымдастыру жұмысының дайындығын іске асыру үшін облыстық ұйымдастыру комитеті құрылады.
3.4. Ұйымдастыру комитеті Мағжан оқуларының қорытынды кезеңінің өткізілу орнын белгілеп, дайындық жұмыстарын жүргізуде тікелей басшылық етеді, қазылар алқасының құрамын, іс-шараның өткізу бағдарламасын, қатысушылардың тізімін бекітіп, жеңімпаздарды марапаттайды.
3.5. Қазылар алқасының құрамы жоғарғы оқу орнының ғалымдарынан және аға оқытушыларынан, облыстық орталықтардың қызметкерлерінен, жазушы журналистерден тұрады.
3.6. Қазылар алқасы:
— қатысушыларды білімі мен өнерін бағалаудың өлшемдерін бекітеді, талдау жасайды және 10 ұпайлық жүйемен бағалайды;
— қатысушылардың білімі мен өнерін бағалаудағы даулы мәселелерді талқылайды және қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізеді;
— жеңімпаздарды анықтайды және жүлделі орындарды бөледі.
3.7. Мағжан оқуларының облыстық кезеңі 2025 жылдың 5 наурызында Өскемен қаласында өткізіледі. Мағжан оқуларына қатысу үшін сұранысты ережеге сәйкес ұйымдастыру комитетіне 2025 жылдың 21 ақпанына дейін konkurs.vko@mail.ru электронды поштасына жіберулеріңізді сұраймыз.
4. Қорытындылау және марапаттау
4.1. Мағжан оқуларының жеңімпаздары әр бағыт бойынша І, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталады. Барлық қатысушыларға сертификат беріледі.
5. Мағжан оқуларын қаржыландыру
5.1. Мағжан оқуларын қаржыландыру бекітілген сметаға сәйкес ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығы есебінен жүзеге асырылады.
5.2. Облыстық кезеңге қатысушылар мен жетекшілердің іссапар шығындары (келу — қайту жолы, жататын орны мен тамақтануы) жіберуші жақ есебінен төленеді.