Жалпы білім беретін ұйымдардың  оқушылары арасында XXVI республикалық Абай оқуларының облыстық кезеңін өткізу ЕРЕЖЕСІ

1. Жалпы ереже

1.1. Осы ереже жалпы білім беретін ұйымдары оқушыларының арасында өткізілетін облыстық Абай оқуларының (бұдан әрі  Абай оқулары) мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастырушылық қызметін, өткізу мен қаржыландыру тәртібін, қатысуын және жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау тәртібін айқындайды.

1.2. Абай оқуларының ұйымдастырушысы Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі  ДпҚББДШҚҒӘО «Дарын»).

1.3. Абай оқуларының негізгі мақсаты қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, мектеп оқушыларының классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылықтарын арттыру.

1.4. Абай оқуларының негізгі міндеттері Абай және Шәкәрім шығармаларындағы эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиетті насихаттау, ұлылар поэзиясына, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

2. Абай оқуларының қатысушылары

2.1. Абай оқуларына қатысушылар білім беру ұйымдарының барлық типтері мен түрлерінің 8-11(12) сыныптарының қалалық, аудандық кезеңдерінің жеңімпаздары атанған оқушылар, яғни квотаға сәйкес (1 қосымша ) әр номинацияға 1 оқушыдан 6 үміткер қатысады. Абай оқулары қазақ тілінде жүргізіледі.

3. Абай оқуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі

3.1. Абай оқулары 6 номинация бойынша өткізіледі:

1. «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы – Абай өлеңдерін жатқа оқу конкурсы. Қазылар алқасы бұл номинацияда оқушының жатқа білетін Абай шығармаларын мәнерлеп оқуына және санына байланысты бағалайды.

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жаттау керек (қанша өлең жаттағанының санын сұрайды, өлеңнің кез келген жерінен үзінді сұрайды, өлеңге қатысты тілдік, әдеби тұрғыдан сұрақтар қояды. Сұрақтарға берілген жауаптардың дұрыстығы, жан-жақтылығы ескеріледі)

2. «Абайдың қара сөздері» номинациясы бойынша Абай қарасөздерін жатқа, мәнерлеп оқу. Бұл номинацияда Абай қарасөздерін толық біліп, семантикалық ерекшеліктерін түсінуі, талдай алуы бағаланады

Абай Құнанбайұлының Қарасөздерін  мазмұнын түсіне отырып жаттау керек (қанша қарасөз жаттағанының санын сұрайды, кез келген жерден үзінді сұрайды,  қарасөздерге қатысты сұрақтар қояды. Сұрақтарға берілген жауаптың дұрыстығы, жан-жақтылығы ескеріледі)

3. «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» номинациясы бойынша Шәкерім Құдайбердіұлы, Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы шығармаларын жатқа оқу. Бұл номинация бойынша шығарма мәтіндерін жатқа, мәнерлеп айтуы, толық білуі, саны, қазылар алқасы тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берумен бағаланады.

Шәкерім Құдайбердіұлы, Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлының өлеңдерін, поэмаларын жаттау керек(қанша өлең жаттағанының санын сұрайды, өлеңнің немесе поэманың кез келген жерінен үзінді сұрайды).

4. «Көңілім әнді ұғады» номинациясы – оқушының Абай және Шәкәрім әндері мен күйлерін орындау шеберлігі бағаланадыНоминацияда орынджалған өнер туындыларының қайталанбауы шарт. Ол үшін әр оқушы кем дегенде үш шығармаға дайындалып келуі керек.

Абай және Шәкәрім әндері мен күйлерін орындауға дайындалу керек. Орындау шеберлігі, мәнері, музыкалық сауаттылығы ескеріледі.

5. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы бойынша оқушылардың өз өлеңдері бағаланады. Бір өлеңі оқылады. Қажет болған жағдайда қазылар алқасы тарапынан тапсырма ұсынылады.

Қатысушы өзінің бір өлеңін оқиды, басқа өлеңдерін алып келуі керек. Өлеңнің көркемдік мазмұны, тілі, ойы, көркемдік-бейнелілік тәсілдерін қолдану ерекшелігі, талапкердің ақындық қабілеті ескеріледі.

6. «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» номинациясы бойынша оқушы Абай туралы көркем туындыларды толық білуі, талдау жасай алуы керек. Қазылар алқасы тарапынан сұрақтар ұсынылып, берілген жауап бағаланады.

Абай туралы көркем шығармаларды (Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы, Рамзан Тоқтаровтың «Абай жұмбағы», Кәмен Оразалиннің «Абайдан соң» романдары, поэзиялық, драмалық, прозалық туындылар) толық білуі, сол көркем туындылардағы Абай бейнесінің көрінуіне талдау жасай алуы керек.

Оқушы:

  •  прозалық дәне драмалық туындылардың мазмұнын толық білу, шағын поэзиялық  шығармаларды жатқа айтуы;
  •  сөз өнеріндегі Абай туралы шығармаларға байланысты қазылар алқасы тарапынан қойылған сұрақтарға дұрыс, толық жан-жақты жауап беруі;
  •  әдеби талдау жасай алуы, туынды авторының Абай болмысын танытудағы және даралаудағы шеберлігін, қолданған көркемдік амал-тәсілдері туралы теориялық анықтамаларды білуі керек.

3.2. Абай оқулары 3 кезеңде өткізіледі:

1 кезең – қалалық, аудандық;

2 кезең – облыстық – 25 сәуір;

3 кезең – республикалық –маусым.

3.3. Абай оқуларының өткізу барысын қадағалау және ұйымдастыру жұмысының дайындығын іске асыру үшін облыстық ұйымдастыру комитеті құрылады.

3.4. Ұйымдастыру комитеті Абай оқуларының қорытынды кезеңінің өткізілу орнын белгілеп, дайындық жұмыстарын жүргізуде тікелей басшылық етеді, қазылар алқасының құрамын, ісшараның өткізу бағдарламасын, қатысушылардың тізімін бекітіп, жеңімпаздарды марапаттайды.

3.5. Қазылар алқасының құрамы жоғарғы оқу орнының ғалымдары, белгілі жазушы, журналисттер,білім беру ұйымдарының білікті мұғалімдері кіреді.

3.6. Қазылар алқасы:

1) қатысушыларды білімі мен өнерін бағалаудың өлшемдерін бекітеді, талдау жасайды және он баллдық жүйемен бағалайды;

2) қатысушылардың білімі мен өнерін бағалаудағы даулы мәселелерді талқылайды және қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізеді;

3) жеңімпаздарды анықтайды және жүлделі орындарды бөледі.

3.7. Абай оқуларының облыстық кезеңі 2025 жылдың 25 сәуірінде Өскемен қаласында өткізіледі. Облыстық кезеңге қатысу үшін сұранысты ережеге сай ұйымдастыру комитетіне 2025 жылдың 15 сәуіріне дейін konkurs.vko@mail.ru электронды поштасына жіберулеріңізді сұраймыз.

Сұраныс үлгісі:

#№Оқушының аты-жөніҚаласы, ауданыМектебіСыныбыНоминациясы (жаттаған өлеңдерінің саны)Әлеуметтік статусыДайындаған мұғалімнің аты-жөні (толығымен), жұмыс орны, байланыс телефоны
        

4. Қорытындылау және марапаттау

4.1. Абай оқуларының жеңімпаздары әр бағыт бойынша Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының I, II, III дәрежелі дипломдарымен және ДпҚББДШҚҒӘ«Дарын» орталығының грамоталарымен марапатталады. Барлық қатысушыларға қатысқаны үшін сертификаттар беріледі.

5. Абай оқуларын қаржыландыру

5.1. Абай оқуларын қаржыландыру бекітілген сметаға сәйкес ДпҚББДШҚҒӘО «Дарын» орталығы есебінен жүзеге асырылады.

5.2. Облыстық кезеңге қатысушылар мен жетекшілердің іссапар шығындары (келу — қайту жолы, жататын орны мен тамақтануы) жіберуші жақ есебінен төленеді.