1. Жалпы ереже
1.1.Осы ереже жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының арасында өткізілетін республикалық «Ясауитану» байқауының облыстық кезеңінің (бұдан әрі – «Ясауитану» байқауы) мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастырушылық қызметін, өткізу мен қаржыландыру тәртібін, қатысуын және жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау тәртібін айқындайды.
1.2. Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі –ДпҚББДШҚҒӘ«Дарын») ұйымдастырушылар болып табылады.
1.3. «Ясауитану» байқауының мақсаты мен міндеттері қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерін насихаттау, өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыру, жас өркеннің интеллектуалдық пайым-парасатын арттыру, жас буынды елдік санаға баулу, Ұлы баба өнегесімен шәкірттерді адамгершілікке, ізгілікке баулу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, тарихи-мәдени ескерткіштерді, жәдігерлерді насихаттау.
2. «Ясауитану» байқауының қатысушылары
2.1. «Ясауитану» байқауына оқыту тіліне қарамастан, жалпы білім беретін мектептердің 6-11 сыныптарының аудандық, қалалық кезеңдердің жеңімпазы атанған оқушылары қатыса алады.
2.2. Әр аудан, қала және облыстық білім мекемелері облыстық кезеңге 5 оқушыдан ұсынады.
3. «Ясауитану» байқауын ұйымдастыру және өткізу тәртібі
ъ3.1. «Ясауитану» байқауына www.azretsultan.kz веб-сайтына жарияланған 40 хикметті жаттаған оқушылар қатысады. Байқаудың хикметтері мен билет сұрақтарын музей-қорықтың www.azretsultan.kz веб-сайтынан жүктеп алып сол сайттағы хикметтерді жаттау керек, кітаптардағы хикметтер сайттағы хикметтерімен сайма-сай келмейді.
3.2. «Ясауитану» байқауы екі кезеңде өткізіледі.
І кезеңнің мақсаты — оқушылардың хикметтерді қаншалықты деңгейде игергендігін, зейін мен зерде қабілетін анықтау.
Хикметтер мен сұрақтар 2,3 қосымшаға сәйкес қоса жіберіледі.
І кезең: Сайысқа қатысушылар жеребе бойынша бірнеше топқа бөлініп, әр топ кезекпен сахнаға шығып сынға түседі. Байқауға қатысушылардың алдын-ала берілген хикметтерді қай деңгейде жаттағанын анықтау мақсатында сайысты жүргізуші хикметтен үзінді айтып, ары қарай кез-келген бір қатысушыға, тоқтаған жерден жалғастырып әкетуді бұйырады. Ол бір немесе бірнеше шумақты жаңылыспай айтқаннан кейін, жүргізуші келесі бір сайыскерге хикметті үзілген жерінен іліп алып, кідірмей жалғастырып кетуді сұрайды. Жүргізуші осылай жас сайыскерлерден қырық хикметті кездейсоқ ретпен түгелдей сұрап шығуы тиіс. Бұл сында кідіріп тоқтап қалған, хикметті ұмытып қалған, қателесіп хикмет ретінен жаңылған қатысушының бір балы шегеріліп отырады. Сайыс барысында қатысушыларға үш рет қателескенге дейін мүмкіндік беріледі. Үш рет қателескен оқушы сайыстан шығады. Бірінші кезең қатысушылардың жартысы (1/2) шығып қалғанша жалғасады. Сайыскерлерге қазылар алқасы 10 балдық бағалау жүйесі бойынша баға береді.
І кезеңде еш мүдірмей, қатесіз айтып шыққан хикметшіге 10 балл қойылады. 1 рет мүдірген сайыскерге 9 балл қойылады. 2 рет қателескен қатысушыға 8 балл беріледі. 3 рет қателескен қатысушы жарыстан шығарылады.
ІІ кезең: Қатысушылардың іріктеу кезеңінен өткендері сайысты ары қарай жалғастырады. Сайыскерлер алдыңғы кезеңдегідей бірнеше топқа бөлінеді. Қатысушыларға үш сұрақ беріледі. Бұл сында оқушылар Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармаларына, хикметтердегі ұғымдарға, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ондағы жәдігерлерге, жерленген тұлғаларға, хикметтегі тірек сөздердің мән-мағынасын, шумақтарын толық айтып шығулары тиіс. Сұрақтарға түгел жауап берген оқушыларға жоғары ұпай қойылады. Бұл кезеңнің мақсаты Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің өмірі, шығармашылығы, хикметтегі ұғымдар, кесененің және ондағы жәдігерлердің тағылымдық мәні жайлы қатысушылардың білімдерін сарапқа салу, оқушылардың ойлау деңгейін, хикметтердегі рухани ұғымдарды қаншалықты түйсінгендігін айқындау. Сұрақтар билет түрінде болады (техникалық мүмкіндікке байланысты компьютердегі ұяшықтарда жасырылуы мүмкін). Қажеттілігіне қарай қатысушыларға қазылар тарапынан қосымша сұрақтар қойылуы мүмкін. Үш сұраққа да дұрыс толыққанды жауап берген сайыскерлерге жоғарғы балл қойылады. Ұпай саны 10 балдық жүйемен бағаланады.
3.3. «Ясауитану» байқауына 3 кезеңде өткізіледі:
1 кезең — аудандық, қалалық;
2 кезең – облыстық (26 ақпан);
3 кезең — республикалық (17-18 сәуір).
Облыстық кезеңнен бірінші орын алған 3 оқушы байқаудың республикалық кезеңіне қатысады.
3.4. «Ясауитану» байқауының өткізу барысын қадағалау және ұйымдастыру жұмысының дайындығын іске асыру үшін облыстық ұйымдастыру комитеті құрылады.
3.5. Ұйымдастыру комитеті «Ясауитану» байқауының қорытынды кезеңінің өткізілу орнын белгілеп, дайындық жұмыстарын жүргізуде тікелей басшылық етеді, қазылар алқасының құрамын, ісшараның өткізу бағдарламасын, қатысушылардың тізімін бекітіп, жеңімпаздарды марапаттайды.
3.6. Қазылар алқасының құрамы жоғарғы оқу орнының ғалымдарынан және аға оқытушыларынан, облыстық орталықтардың қызметкерлерінен, жазушы журналистерден тұрады.
3.7. Қазылар алқасы:
3.7.1. Қатысушыларды білімі мен өнерін бағалаудың өлшемдерін бекітеді, талдау жасайды және бағалайды;
3.7.2. Қатысушылардың білімі мен өнерін бағалаудағы даулы мәселелерді талқылайды және қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізеді.
3.7.3. Жеңімпаздарды анықтайды және жүлделі орындарды бөледі.
3.8. «Ясауитану» байқауының облыстық кезеңі 2025 жылдың 26 ақпанында Өскемен қаласында өткізіледі.
3.8.1.Байқауға қатысу үшін қалалар мен аудандардың білім бөлімдері басшыларының, облыстық мамандандырылған мектептердің директорларының қолы қойылған өтінімді 2025 жылдың 18 ақпанына дейін konkurs.vko@mail.ru электронды поштасына жіберулеріңізді сұраймыз.
Сұраныс үлгісі:
№ | Оқушының аты-жөні | Қаласы, ауданы | Мектебі | Сыныбы | Әлеуметтік статусы | Дайындаған мұғалімнің аты-жөні (толығымен), жұмыс орны, байланыс телефоны |
4. «Ясауитану» байқауын қорытындылау және марапаттау
4.1. Екінші кезеңнен кейін сайыскерлердің барлық кезеңдегі жинаған ұпайлары қосылып, қорытындысында жоғарғы нәтиже көрсеткен сайыскер жеңімпаз болады. Жеңімпаздар ШҚО Білім басқармасының І, II, III дәрежелі дипломдарымен және ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығының грамоталарымен марапатталады. Барлық қатысушыларға сертификат беріледі.
5. «Ясауитану» байқауын қаржыландыру
5.1. «Ясауитану» байқауын қаржыландыру бекітілген сметаға сәйкес ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығы есебінен жүзеге асырылады.
5.2. Облыстық кезеңге қатысушылар мен жетекшілердің іссапар шығындары (келу — қайту жолы, жататын орны мен тамақтануы) жіберуші тарап есебінен төленеді.